Белгілі түркітанушылардың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған дүниелері Астанада біріктірілді. Елордада алғаш Түркология музейі ашылды. Экспозициядан  академик Әбдуәли Қайдардың шапанын, жұмыс кабинетінде қосылып тұрған радиоқабылдағышын, жеке қаламсаптарын, профессор Әбжан Құрышжановтың күнделіктері мен хаттарын,  Рабиға Сыздықованың өзі тартқан қоңыр домбырасын да көруге болады. Сондай-ақ, музейде Әмір Нәжіп пен Осман Фикри Серткаяның жеке күнделіктері мен құнды қолжазбалары да орын алған.

 

ОСМАН ФИКРИ СЕРТКАЯ, СТАМБУЛ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Мен университетке түскеннен бері музей ашуды армандадым. 50 жыл бойы түркология іліміне қатысты дүниелерді жинадым. Астанада музей ашылатынын біле сала, өзімнің қолымдағы құнды жәдігерлермен бөлістім. Неміс түркологтарындан сатып алған кітап түпнұсқалары, кейбірі түркологтар маған сыйлаған дүниелер. Олардың бәрін осы музейге қойғаныма бақыттымын.

 

Салтанатты шараға Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Өзбекстан мен Моңғолиядан келген ғалымдар, зиялы қауым және баспасөз өкілдері қатысты. Айта кетерлігі, бұл шара «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумы аясында ұйымдастырылған. Аталған жиынға  Америка мен Азия елдерінен 300-ге жуық ғалым қатысты.

 

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бізге кітаптарын сыйлаған түркологтар заттарын да бірге беріп отырды. Бүгінгі күнге дейін көптеген материалдық мұралар экспонаттар жиналды. Осыдан 2 жыл бұрын түркология музейін құрсақ деген ортақ байламға келдік. Өйткені қазір түркология зерттеледі. Бірақ оны зерттеушілер туралы мәліметтер жоқтың қасы.

Жиын барысында белгілі түркологтар марапатталып, бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Мәселен,  Түркі академиясы халықаралық ұйымы мен Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы арасында. Екі ұйым бірлескен ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыруға, жас ғалымдарды тағылымдамадан өткізуге, тарихи дереккөздер мен ескерткіш кешендерін бірлесіп зерттеуге уағдаласты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер