Биыл Қазақстан мен Біріккен Араб әмірліктерінің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай Абу-Дабидегі дипломатия академиясында кездесу өтті. Игі шараға әмірліктердің сыртқы істер министрілігінің басшылық құрамы, шетелдік елшілер, бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Араб әмірліктері – Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесіне Қазақстанды тұрақты емес мүшесі етіп сайлауы кезінде алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Сондай-ақ, Таяу Шығыс елдері арасында әмірліктер Астанадағы EXPO көрмесіне қатысатынын бірінші болып растады. Бүгінде екі ел арасында 80-нен астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомоствоаралық келісімдер жасалған.

Ширек ғасыр ішінде қос тарап арасында өзара сенім мен достыққа негізделген қатынастар қалыптасты. Екіжақты туризм де жақсы дамып келеді. Жыл сайын 100 мыңға жуық қазақстандық Араб Әмірліктеріне сапар жасайды. Сол себепті Абу-Даби біздің азаматтарымыз үшін визасыз режим енгізіп отыр. Енді қазақстандықтар Біріккен Араб Әмірліктерінде 1 ай бойы емін-еркін жүре алады. Екі елдің сыртқы істер министрлері Қайрат Әбдірахманов пен шейх Абдолла Заид әл-Нахаян тиісті құжатқа қол қойды. Визасыз режим еншізілгеннен кейін Әмірліктерге сапарлайтын қазақстандықтар саны екі есе артады деп болжанып отыр.

 

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шеңберінде белсенді ынтымақтастықты жалғастырамыз. Биыл Астанада Ислам ынтымақтастық ұйымының тарихындағы алғашқы саммит өтеді, ол ғылым мен технологияға арналады. Сондай-ақ, біздің елдер Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы шеңдерінде де өзара іс-қимылын күшейте түседі.

 

АБДАЛЛА БЕН ЗАИД ӘЛ НАХАЯН, БАӘ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Екі елдің қарым-қатынастары жоғары деңгейде. Және байланыстарды бұдан әрі нығайта түсуге мүдделіміз. Араб Әмірліктері биыл Астана ЕХРО-ға қатысады. Ал 2020 жылы халықаралық көрме біздің елде өтеді. Оған Қазақстан да белсене қатысады деп үміттенеміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер