Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесіне мүшелік ету арқылы Орталық Азияға деген әлемдік қауымдастық назарын арттыра түсті. Қырғызстандық сарапшылардың пайымынша, Қазақстан мен Өзбекстанның экономикасы және Түрікменстанның пайдалы қазбалары бәсекелестікті күшейтіп, аймақ ұстанымдары жаһандық деңгейде ескерілетін болды. Оған қоса, әлі шешімін таппаған күрмеулі мәселелер жоғары мінберден көтеріліп, Орталық Азия елдерін дамытуға айрықша көңіл бөлінеді.

 

НҰРЛАН ЕШКЕЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІЛІГІНІҢ БІРІНШІ ХАТШЫСЫ:

 - Орталық Азия мәселелерін қауіпсіздік кеңесінің назарына ұсынып, оларға көңіл бөлгізу - біздің елдің негізі мақсаты. Сондықтан Қазақстан өзіне жүктелген зор жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді.

Әріптестікті арттыру, бейбітшілікті бекемдеу және қауіпсіздікті күшейту. Бұл – біздің елдің бүкіл әлемге белгілі ұстанымдары. Оны мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет жоғары мінберлерде айтып, жаһан жұртының айрықша құрметіне ие болған еді. Жалпы, Қазақстан барлық уақытта да аймақ экономикасының жақсарып, өсіп-өркендегенін қалайды. Себебі, Орталық Азияның біркелкі дамуына жайлы жағдай жасау – үлкен мақсаттардың бірі.

 

МАРС СӘРИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Бұған дейін Орталық Азия мемлекеттері қауіпсіздік кеңесіне мүшелік етпеген кезде оның күн тәртібін өзгерте алмаушы едік. Ал қазір мүмкіндігіміз көбейді. Енді Қырғызстан Қазақстан арқылы өз ұстанымдарын әлемдік қауымдастыққа жеткізеді.

Қырғызстандық сарапшылар алда өтетін Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Орталық Азияға қатысты мәселелер талқы таразысына салынады дейді. Әсіресе, сауда-саттық қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі және баламалы қуат көзі туралы тың бастамалар нақты жүзеге асырылуы мүмкін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер