БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Астана процесінің қорытындысына оң баға берді. Және Қазақстан елордасында өткен келіссөздердің маңыздылығын атады. Бұл ретте Жапонияның БҰҰ-ғы тұрақты өкілі Коро Бешо: «Қол жеткізілген уағдаластықтар оқ атуды тоқтату келісімін іске асыруға септігін тигізеді», - деді. Ал оның швециялық әріптесі Олоф Скуг Астана процесі кепіл мемлекеттер үшін Сириядағы шиеленістерді реттеуге мүмкіндік береді деп санайды. Сондай-ақ, Италия, Боливия, Уругвай елдерінің тұрақты өкілдерінің пікірінше, Астана мен Женева келіссөздері – бір-бірін толықтырып тұратын ортақ алаң.

БҰҰ-ның хабарлауынша, Астанада мамырдың басында Сирияда қауіпсіз аймақ құру туралы меморандумға қол қойылғалы ондағы зорлық-зомбылық деректері азайған. Айта кеткен жөн, 4-ші мамырда Астанада өткен келіссөздер барысында Ресей, Иран мен Түркия Сирияда қауіпсіз аймақ құру туралы келіскен болатын.

 

СТАФФАН ДЕ МИСТУРА, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ АРНАЙЫ ӨКІЛІ:

 - Сирия үкіметі «Ирак пен Левант лаңкестік тобына» қарсы күрес барысында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Біраз аудан жаудан азат етілді. Алайда өткен аптада ғана қаскөйлер Дэйр-эз-Зор провинциясы мен Саламия қаласында бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады. Бұл экстремистердің қаупі әлі сейілмей тұрғанын білдіреді.

Астанада өткен келіссөздердің нәтижелілігін британиялық сарапшылар да айтып отыр. Олар: «Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіндегі міндетін асқан жауапкершілікпен орындап, жаһандық мәселенің шешілуіне зор үлес қосып жатыр», - дейді.

 

ФРАНСИС ФИТЗЕРБЕРТ-БРОКХОЛЬС, САРАПШЫ:

 - Мен Астанадағы келіссөздер жайлы жазылған көптеген ақпаратпен таныспын. Қазақстан Президентінің бұған қатысты өз мақсатты жоспарлары бар екенін де білемін. Өйткені сіздер Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесісіздер. Қазақстан осы мүмкіндіктердің басымдылықтарын пайдалана отырып, осындай келіссөздер өткізуге тырысып бағуда. Мен олардың қаншалықты сәтті болатынын және Сирия қақтығыстарының қаншалықты күрделене түсетінін айта алмаймын. Оны уақыт көрсетеді. Бір белгілісі, қарсы тараптардың басын қосу өте қиын. Бірақ бұл мақсатты Астана процесі жүзеге асыра алды.

Халықаралық саясатта «Астана процесі» деген атауға ие болған Қазақстанның бітімгерлік бастамасы бүгінде Сириядағы саяси дағдарысты реттеуге үлес қосып отыр. Осылайша, бейбітшілікке үндейтін, бейтарап ұстанымға берік ел екенін тағы да аңғартқан Қазақстан тараптарға басқосу үшін алаң ұсынып, тұрақтылық келіссөзін жүргізуге барынша тиімді жағдай туғызып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер