«Бабалар ізімен» экспедициясы батырлар мекеніне барды. Топ әуелі Қобыланды батырдың сүйегі жатқан жерге жетті. «Қобыланды» жырының бүгінге дейін 29 нұсқасы жетуі, оның ерлік өнегесіне айналған тұлға екенін тағы бір мәрте айғақтайды. Еңселі жауынгердің сүйегі Қобда ауданы, Жиренқопа ауылындағы мына кесенеде жатыр. Күмбездің төбесі дулыға іспеттес. Ал ішіндегі үш найза мен қалқанның қойылуында ерекше мән бар.

 

АЗАМАТ ҚАЛМАҒАНБЕТОВ, «ҚОБЫЛАНДЫ» МЕМОРИАЛДЫ КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ортасында қалқан бейнеленген. Яғни, бұл көрініс ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз, біздің қазақтың ауыз біршілігін білдіріп тұрған символ ретінде қойылған эспонат.

 

Қарақыпшақ Қобыландының кешені осыдан он жыл бұрын ашылған еді. Биыл батыр бабаның кесенесіне қайтадан жөндеу жүргізіледі. Барлық жұмыс қыркүйекте аяқталады деп жоспарланып отыр. Оған қоса Қобда ауданының орталығында Қобыландының үлкен ескерткіші қойылмақ. 

 

МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАМБЕТ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ҚОБДА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Басында өтетін мәдени шараға дейін дайын болады. Сонымен қатар, батырлар саябағы қасынан бой көтеретін болады. Және мұны жылына екі рет дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз.

Ақтөбенің іргесіндегі Бестамақ ауылының бұл төбесінде елдің тағы бір ері Есет батыр жерленген. Жоңғардың жойқын шапқыншылығы кезінде кіші жүзге қолбасшы болған батыр асқан ерлігімен көзге түскен. Оған Тәуке хан «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата берген. Кесене ішіндегі ерекшелік, Есеттің құлпытасы темірден қойылған.

 

БЕКАРЫСТАН МЫРЗАБАЙ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Ай тәрізді темір құлпытастың басында бірнеше нүктелер берілген. Жоғары жақта он тоғыз нүкте. Ол Ақжан Машарыптың болжамы бойынша құранның тірегі болған «бисмиллаһир рахманир рахим» деген сөзді береді. Он жақтағы сегіз нүкте  күннен, он үш айдан тұратын арабтардың ай календары, уақыттың өлшем.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Кеңес одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туған ауылына да арнайы соқты. Шығыс шынарына баланған қайсар арудың ерлік жолымен келушілер мұражайда таныса алады. Сонымен қатар, экспедиция мүшелері Ақтөбе қаласының орталығындағы Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр қызға тағзым етті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер