Ерке Есілдің жағасында жайқалған бақтай жайнап келе жатқан Елорданы енді 21,5 метр биіктіктен көруге болады. «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасында шолу алаңы ашылды. Монументтен бас қаланың сол жағалауын тамашалауға болады. Сол үшін арнайы панарамалық дүрбілер орнатылған.

 

НЕЛЛИ ШИВРИНА АСТАНА Қ. ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - «Мәгілік Ел» қақпасына негізінен балалар көп келеді деген ойымыз бар. Сондықтан бұл жерде алдымен қауіпсіздікті сақтау шаралары қолға алынған. Астананың көрікті жерлерін жақсылап тамашалау үшін төрт дүрбі орнаттық. Келушілерге демалыс қызықты болу үшін Елорданың тарихын да баяндаймыз.

 

Бұдан бөлек, монументтің ішінде өнер галереясы бар. Мұнда шетелдік және қазақстандық суретшілердің, қолөнершілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары қойылады. Мысалы, қазір мұнда ҚР Ұлттық музейінің қорынан алынған бірқатар суреттер мен мүсіндерді көруге болады. Атап айтқанда, Гүлфайруз Ысмайылованың «Күйші Дина», Әбілхан Қастеевтің «Біржан сал», «Жайлаудағы дүкен» картиналары көз тартады. Галереяда ұлы Абай мен Мұхтар Әуезовтің кеуде мүсіндері де қойылған. Шолу алаңы дүйсенбіден басқа күндері таңертеңгі сағат оннан кешкі беске дейін жұмыс істейді. Ал EXPO халықаралық көрмесі кезінде туристерге ыңғайлы болу үшін «Мәңгілік Елдің» жұмыс тәртібін түнге дейін созу жоспарланған.

 

НАРИМА МҰХАМБЕТАЛИНА, АСТАНА ӘКІМДІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - EXPO кезінде кіретін уақытты әлі де қарастырамыз. Сағат беспен шектелмейміз. Қаламыз қонақтарды қабылдап жатқанда, біз сағат бесте жауып қоя алмаймыз. Сондықтан біз бұл уақытты әлі де ұзартамыз.

 

Әлем елдерінен туристер көп келгелі отырған EXPO кезінде шолу алаңы түнгі 11-ге дейін жұмыс істеуі мүмкін. Мұндай триумфалды аркалар Париж, Барселона, Мумбай, Бухарест сынды әлемнің ірі қалаларында бар. Елордадағы салтанат қақпасы да туристер үшін тартымды нысанға айналады деген сенім мол. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер