Қытайлық саяхатшылар Ұлы дала еліне аттанды. 12 автокөлікке мінген 28 адам Тачэне қаласынан жолға шықты. Қытайлық туроператорлардың айтуынша, жергілікті туристер сапар шегуге болатын жаңа бағыттар іздейді.

 

ЛИ СЯН, АВТОШЕРУГЕ ҚАТЫСУШЫ:

 - Мен Қазақстан туралы көп естігенмін. Оның ұлан-байтақ даласы, айрықша табиғаты туралы. Енді мемлекетті өз көзіммен көргім келеді.

 

СЮЙ СЯОЛЭЙ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ӨКІЛІ /ҚЫТАЙ/:

 - Қазақстанның туристік әлеуеті зор. Табиғаты керемет, таулары көп. Қыста бізде тау-шаңғы курорттарына сұраныс жоғары. Ал сіздің елде ол бар. Бұған қоса, Қазақстан аумағы тарихи ескерткіштерге бай. Сіздерде этнотуризм де жақсы дамыған. Қазақстанның біздің туристке ұсынары көп деп есептеймін.

 

Осыдан екі жыл бұрын екі ел арасында туристік сапарларды ұйымдастыруды жеңілдету туралы меморандумға қол қойылды. Содан бері Аспан асты елінен Қазақстан аймақтарына саяхаттаушы туристер саны күрт артты. Ал биыл Астанада ЕХРО көрмесінің өтуі – Ұлы дала еліне сапар жасауға тағы бір себеп.

 

ЕРБОЛ ШОРМАНОВ «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қытай Халық Республикасымен бірнеше қосымша әуе, теміржол бағыттарын енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының мүмкіндіктерін де барынша пайдалану көзделіп отыр.

 

ЕХРО халықаралық көрмесі екіжақты ынтымақтастықты барлық салалар бойынша тереңдетуге тың серпін берері анық.

 

ШАХРАТ НҰРЫШЕВ ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

 - Қытай – Қазақстанның стратегиялық әріптесі, жақын көршісі. ЕХРО көрмесіне қатысуға ниет танытқан елдердің ішінде Қытай өз павильонын безендіруге алғашқылардың бірі болып кірісіп, дайындық жұмыстарын аяқтап қалуға жақын. Бұл көрме қос мемлекеттің қарым-қатынастарын одан әрі нығайта түсетініне сенім мол.

 

2017 жыл Қазақстанда Қытай туризмінің жылы деп жарияланғаны белгілі. ЕХРО көрмесінің және «Бір белдеу, бір жол» жобасын іске асырудың арқасында сарапшылар биыл елімізге 350 мыңнан аса қытайлық турист саяхаттап келеді деп болжам жасап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер