ЕХРО халықаралық көрмесіне әлем мемлекеттерімен бірге 22 халықаралық ұйым қатысуға ниет білдірген. Ауқымды шараға Халықаралық Энергетикалық Хартия да қатысады. Әлемдік көрме аясында өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының энергетикалық конференциясына беделді ұйымның өкілдері де келеді. Бұл туралы Брюссельде өткен форум барысында айтылды. Онда қатысушы елдердің сарапшылары тұрақты энергетиканың инвестициялық дамуын талқылады. 1991-ші жылы құрылған ұйым  Еуропа, Африка және Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты үйлестіруге атсалысып келеді. Ал Қазақстан алғашқылардың бірі болып Энергетикалық хартия процесіне қосылып, 2014-ші жылы табысты төрағалық еткен.

 

АНДРИС ПИЕБАЛГС, ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ БҰРЫНҒЫ КОМИССАРЫ:

 - Қазақстан қуат көзін өндіруді әртараптандыруға баса көңіл бөлетін елдердің бірі. Бұл, халықаралық процестің дамуына септігін тигізеді. Өйткені аталған хартияға  Қазақ елінің үлкен көмегімен қадам жасалды.

 

УРБАН РУСНАК, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ХАРТИЯНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Халықаралық ұйым және өз басым, ЕХРО жұмысына және БҰҰ-ның  конференцияларына,  көрменің ашылуында өтетін шараларға қатысамын. Бұл мамандандырылған көрме жаһандық климаттың өзгеруіне септігі тиетін түрлі технологияларға жол ашады. Қазақстан көмірсутегі ресурстарына бай, екінші жағынан әлеуетті және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға болатын ел ретінде ерекше мүмкіндік сыйламақ. Таза қуат көзіне инвестиция тарта отырып,  бірте-бірте көшу маңызды шешім деп ойлаймын.

Дүниежүзілік банк мамандары Астанадағы көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы бүгінгі күні аса өзекті санайды. Бұл туралы оның вице-президенті Сирил Мюллер мәлім етті. Атап өтерлігі, халықаралық қаржы институты Қазақстанның көптеген бастамаларына қолдау көрсетіп келеді. Ұйым инвестициясы білім, денсаулық сақтау салаларын дамытуға, экологияны жақсартуға бағытталып отыр.

 

СИРИЛ МЮЛЛЕР ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан басшысы кісінің жан-жақты дамуына, кәсіби дайындығына, біліміне ерекше мән береді. Дүниежүзілік банк те Қазақстанның әсіресе ғылым мен білімді өрістетуге арналған бағдарламаларына дем беруге мүдделі. Астанадағы ЕХРО көрмесі кезінде өзге де халықаралық ұйымдармен қатар өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Қол жеткен табыстар жайлы да әңгімелейтін боламыз.

Астана ЕХРО халықаралық көрмесі Қазақстан елордасында биыл маусымның 10-ы мен қыркүйектің 10-ы аралығында өтеді. «Болашақ энергиясы» тақырыбын арқау еткен шара барысында 115 мемлекет пен әлемнің алдынғы қатарлы ірі компаниялары баламалы қуат саласындағы жетістіктерін таныстырады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер