Діни лидерлер қауіпсіз әлемді қолдайды. 2018 жылдың 10-шы және 11-ші  қазанында Астанада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI жиыны осы тақырыпқа арналмақ. Бұл жайында съезд хатшылығының отырысында белгілі болды. Басқосуда келесі съезді ұйымдастыру және жиын барысында басымдылық берілетін мәселелер талқыланды. Сенат төрағасы және хатшылық жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық маңызы бар проблемаларды шешуде діни лидерлердің рөлі айрықша екендігін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда бірқатар елдерде этникалық белгілері мен діни ұстанымдарына байланысты кемсіту байқалады. Бұл тұста заманауи сын қатерлерге жауап ретінде «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін қарастыруға болады,-дейді хатшылық жетекшісі.

 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ЖӘНЕ ХАТШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Құжатта дау-дамайлы мәселелерді бейбіт жолмен шешу тәртібі қарастырылған. Сондай-ақ даулардың салдарын емес, себебін жою жайлы да білуге болады. Алтыншы съезд барысында манифесттің діни және саяси қатысушылардың талқылауы әлемде қауіпсіздік орнатуға жол ашады.

 

ХАЛЕД АКАШЕ, ПАПА КЕҢЕСІНІҢ ИСЛАММЕН ДІНАРАЛЫҚ ДИАЛОГ ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Қазіргі таңда әлемдегі ешбір адам өзін қауіпсіздікте сезіне алмайды. Бұл ретте алдағы съезд тақырыбы өзекті деп ойлаймын. Қауіпсіздік дегеніміз,  ең алдымен, адамдардың қоғамдағы тәртібі, бір-бірімен қарым-қатынасы. Діни лидерлер қауіпсіз әлем орнатуға зор үлес қосады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірінші съезі осыдан 14 жыл бұрын Астанада өткен болатын. Оның жұмысына ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің беделді өкілдері енді. Осы уақыт ішінде форум түрлі дін ұстанушыларының ынтымақтастығы мен әріптестігінің аса өзекті екендігін дәлелдеп үлгерді. Съезд заманауи жағдайда аса қажет диалог орнатудың бірден-бір алаңы. Жиын әр 3 жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер