Астана Финляндия үшін Орталық Азия елдеріне қақпа болса, Хельсинки Қазақстан үшін Солтүстік Еуропаға өткізетін көпірге айналмақ. Алдағы маусым айының 19-нан Елордадан финдердің бас қаласына тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл туралы Финляндияның еліміздегі Елшісі Илкка Райсаненнің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Дипломат бұл жаңалықты биыл Қазақстан қабылдайтын ЕХРО-2017 көрмесімен байланыстырып отыр. Финляндия халықаралық шараға қатысатын скандинавиялық елдердің жалғыз өкілі болмақ. Илкка Райсанен көрмеден соң да ел аралық қарым-қатынас еселене түсетініне сенімді. Оған келер жылдан Алматы-Хельсинки әуе бағытын ашу жоспары дәлел бола алады.

 

ИЛЛКА РАЙСАНЕН, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФИНЛЯНДИЯ ЕЛШІСІ:

 - Алдағы ЕХРО көрмесінде біздің мамандар өндірістік, тұрмыстық қалдықтардан баламалы энергия алу жолдарын ұсынатын болады. Бұл бағытта қазақстандық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік орнату көзделіп отыр. Біздің ел жаңартылған энергия өндіру бойынша Солтүстік Еуропада көш бастап келеді. Сондықтан жергілікті мамандарды тәжірибе алмасуға шақырғымыз келеді. Жаңа әуе рейстері екі ел арасындағы қатынасты жеңілдетіп, әріптестігімізді жеделдете түсетініне сенімдімін.  

 

Бүгінде Қазақстан Орталық Азия елдері ішіндегі Финляндияның ең ірі сауда әріптесі саналады. Биылдың алғашқы маусымында ғана екі жақты алыс-беріс  63 млн долларға жеткен. Сондай-ақ, осы мемлекет Солтүстік Еуропа елдерінің ішіндегі Қазақстан экономикасына инвестиция құю бойынша көш бастап келеді.  2005 жылдан бастап финляндиялық кәсіпкерлер жергілікті өндіріске 295 млн доллар салған. Елімізде 70-тен астам бірлескен компания табысты еңбек етіп жүр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер