Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Мемлекет басшысы актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді», - деп жазды Ақорданың баспасөз қызметі twitter-дегі парашасында.

Асанәлі Әшімұлы Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген. «Қазақфильм» киностудиясының және М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, режиссер, Қазақстанның халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980).

Алматы консерваториясын бітірген (1961). Студент кезінде әр түрлі фильмдерде Кенжетай («Ботагөз», 1957), Жанай («Асау Ертіс жағасында», 1959), Бектасов («Бір ауданда», 1960), Болат («Ұшы қиырсыз жол», 1960) рөлдерін ойнады. Консерваторияның актерлік факультетін бітірген соң, «Қазақфильм» киностудиясында Мұрат («Менің ұлым», 1962), Ескендір («Торап», 1963), Тұрар («Тұлпардың ізі», 1964) сияқты әр алуан бейнелер жасады. 1964 жылы Қазақ академиялық драма театрына шақырылады (1987 — 1988 жылы осы театрдың көркемдік жағын басқарды). Театрда С.Қожамқұлов, С. Майқанова, Ш. Айманов, Х. Бөкеева, К. Қармысов сынды өнер тарландарының шеберлік мектебінен тәлім алды.

Театрдағы тұңғыш рөлі М. Әуезов пен Л. Соболевтің «Абай» спектакліндегі — Айдар рөлі. Содан кейін Кебек, Шуақ (Әуезовтің «Еңлік — Кебегі» мен «Қарақыпшақ Қобыландысында»), Қозы, Қодар (Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында») Сәнжан (Ә. Таразидің «Күлмейтін комедиясында»), Өсіпбай (Ш. Айтматов пен Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде»), Еламан (Ә. Нұрпейісовтың «Қан мен терінде», КСРО мемлекеттік сыйлығы, 1974), Жарасбай (Қ. Ысқақовтың «Таңғы жаңғырығында»), Асан (Мұхамеджановтың «Жат елдесінде»), Дон Жуан (М. Фриштің «Дон Жуанның думанында»), Виктор (Л. Зориннің «Варшава сазында») сияқты әр замандағы, әр түрлі қоғамдағы әр қилы мінезді бейнелерді сомдады. Бұлардың бәрі махаббат пен терең сезімнің жымдасуынан туған тосын образдар ретінде қазақ сахна өнерінің тарихында қалды.

Әшімов — қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актерлердің бірі болып есептеледі. Оның кинодағы Бекежан («Қыз Жібек», 1971), Шадияров («Атаманның ақыры», 1971, Қазақстан мемлекеттік сыйлығы, 1972), Мәмбет («Сарқырама», 1973), Қасымханов («Транссібір экспресі», 1977, бүкілодақтық 11-кинофестивальдің жүлдесі, 1978), Кемел («Нан дәмі»), Нұрғазы («Алатаудың ай мүйізі»), Қаражал («Жаушы», 1980), Шыңғыс хан («Бұлғар даласынан ескен жылы жел», 1998) рөлдері нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті. Әшімов режиссер ретінде кең танылды. Ол сахналаған Н. Гогольдің «Ревизор» (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғ.Мүсіреповтың «Амангелді», И. Оразбаевтің «Мен ішпеген у бар ма?!» (екеуі де 1987), С. Ванустың «Сұлтан болсам егер мен» (1988), жылы Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» (1989) спектакльдері мен ол түсірген «Жылан жылы» (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), «Шоқан Уәлиханов» (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді. Әшімов өнеріне арналған «Асанәлі» деректі фильмі (1986, реж. И. А. Вовнянко) түсірілді. Әшімов — Жамбыл және Шымкент университеттерінің құрметті профессоры. 1979-1982 жылдары педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1990 жылдан «Елім-ай» киностудиясының президенті. «Парасат» орденімен марапатталған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер