Алма өсіру ісінде қазақстандық тәжірибе мен поляк технологиясы біріктірілді. Алматы облысының Бәйдібек би ауылында Қазақстан-Польша бірлескен бақша жобасы іске қосылды. Жаңа орталық өңірдегі бағбандықты дамытатын тұңғыш тәжірибе алаңына айналмақ.

 

АЗАТ МӘКЕНОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл дүкен емес, бақша орталығы. Мұнда кеңес алып, оқудан өтуге болады. Өйткені әркімнің шетелде оқуға мүмкіндігі жоқ. Біздің орталық адамдарға заманауи технологиялар жайлы мағлұмат береді. Сондай-ақ, алма экспортын оң жолға қоюды қарастыратын боламыз. Мәселен, біз Ресейдің шығысына жақын орналасқанбыз. Томск, Барнаул қалалары көп мөлшерде алма алады. Ал олар үшін бізден импорттау Польшадан алғаннан әлдеқайда тиімді болмақ.

Қазіргі таңда Қазақстан алыс шетелден жылына 150 мың тонна алма импорттауда. Оның үштен бірі Польша елінен жеткізіледі. Ал отандық өнімнің үлесі болса, небары 30 пайыз. Сондықтан бағбандықты дамытуға аса назар бөлінуде. Алманы өсірудің польшалық технологиясын қолдану өнімділікті бірнеше есеге арттырмақ.

 

РИШАРД НОВАКОВСКИЙ, КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ /ПОЛЬША/:

 - Біз Қазақстанда сапалы әрі мол өнім алуға болатындығына көз жеткіздік. Бірінші жылы гектардан 8 тонна өнім алдық. Бірнеше жылдан соң алмамен ішкі нарықты толықтай қамтитын боламыз деген сенімдеміз. Бастысы, алғашқы жылдан бастап сапасы жоғары және өнім алуды мақсат етіп отырмыз.

Бұл жоспарды іске асыруға жергілікті тауар өндірушіні қолдайтын бағдарламалар да  демеу болмақ.  2014 жылы іске қосылған «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша тиімді ауыл шаруашылығы жобалары субсидияландырылуда. Бағдарламада бағбандықты дамыту, қажетті құрал-жабдықтарды алу, тамшылап суару технологиясын енгізу сынды қолдау түрлері де қарастырылған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер