«Бабалар ізімен» тарихи экспедициясы Торғай өңірінде. Бұл атырапта да əлі күнге көзі ашылмаған тарихтың бұлағы жетерлік. Мəселен, Жангелді ауданына қарасты Саға ауылдық округі аумағында ағаштан салынған мына ағаш бейіттің сырын əзірге ешкім ашқан жоқ. Жақын маңда тал атаулы өспейді. Жергілікті жұртшылық ағаштан мазар тұрғызу мажарлық ағайындарда жиі кездесетінін айтады. Демек, бұл кезінде Еуропаға көшкен ғұн ұрпағының қазақпен туыстығына тағы бір айғақ болуы мүмкін.

 

ГҮЛБАНУ СƏРСЕКЕЕВА ТОРҒАЙ МҰРАЖАЙЛАР КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ол кезде тас жол болмаған. Ешқандай темір жол да жоқ. Сонда керуен арқылы түйемен, бір түйеге екі-ақ бөрене тиелген болатын. Сонда ойлаңыз неше түйе керуен жүріп өткендігі.

 

«Бабалар ізімен» экспедициясының Торғайға сапарына Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани арнайы қосылды. Мажар мен Торғай мадиярларының түбі бір атадан тарайтыны осыдан он жыл бұрын генетикалық зерттеу нəтижесінде дəлелденген еді. Содан бері атажұртын көруге асық мажарлықтар көбейді.

 

АНДРАШ БАРАНИ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ВЕНГРИЯ ЕЛШІСІ:

 - Біз өзімізді венгр емес, мадияр деп атаймыз. Елімізді Мажарстан дейміз. Сол кезеңде Еуропаға көшкен мажарлар Торғай мадиярларынан тарайды деген де деректер бар.

 

Бұл – қазақ пен мажардың туыстығын, бірлігін айшықтайтын «өмір ағашы». Қызбел ауылына 2013 жылы алыстан ат арылтып жетіп, мажарлық бауырлар арнайы қойған.

 

БАБАҚҰМАР ҚИНАЯТ ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Онда дарақтың əр бұтағында мадиярлардың көнеден бері келе жатқан тотемдері, элементтерінің барлығы үйлестіріліп ағашта жоңып, оймыштап жасалған белгі.

 

Темір күмбезді бұл кесенеде осы атырапта аты аңызға айналған Тілеп Аспантайұлы жерленген. Ол өз дəуірінде аты шыққан бақсы, əрі күйші болған. Бүгінге дейін Тілеп бабаның үш күйі бізге мұра ретінде жетті. Ал Ақкөл ауылының жанындағы Мəшен қыстағындағы мына үйде Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген.

 

НҰРҒОЖА ЕРНАЗАРОВ АҚКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Жалпы осы арада Ахмет балалық шағын өткізіп, Жыланшы өзеніне түсіп, жалаң аяқ ойнаған, 10 жасына дейін болған, содан кейін оқуға кеткен. Содан елге 1924 жылға дейін келіп тұрған.                 

 

«Бабалар ізімен» экспедициясы Торғай төңірегіндегі алаш арыстарының ізі қалған атырапты аралап, өткен тарихты санада тағы бір жаңғыртты. Баба мұрасын насихаттауды мақсат еткен сапар одан əрі жалғасады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер