70-тен астам жыл өткен соң иесін тапқан медаль. Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрмұхамет Мамырбаевтың марапаттары Астанада тұратын балаларына табыс етілді. Майдангердің өзі бұл қуанышқа жете алмады. Бұған жауынгердің аты-жөнінде бір әріптің қате жазылуы себеп болған. Алайда араға ондаған жыл салып әскери архивтердегі құжаттардан «құпия» грифі алынған соң, қазақстандық батырдың ордендермен марапатталғаны анықталып отыр. 1979 жылы өмірден озған Нұрмұхамет Мамырбаевтың артында алты баласы қалды.

 

РАХЫМБЕК МАМЫРБАЕВ, НҰРМҰХАМЕТ МАМЫРБАЕВТЫҢ ҰЛЫ:

- Әкем Белгород қаласында югославиялық партизандар болып киініп, қоршаудан сытылып кетпек болған немістердің колоннасын тоқтатып, посттан өткізбей қойған. «Олардың фашист екенін бірден түсіндім!» дейді. Бетпе-бет тұрған жаудың 29 жауынгеріне сол жерде оқ жаудыруға тура келген.

 

«Үшінші дәрежелі Даңқ ордені» және «Қызыл Жұлдыз Ордені». Осы марапаттар енді елордадағы он жетінші гимназия мұражайының қорын толықтырды. Ардагердің балалары осындай шешім қабылдапты. «Отан үшін жаумен жан аямай шайқасқан аталарымыздың ерен ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болсын» дейді. Атап өтерлігі, бұл мектептің мұражайында Ұлы Отан соғысы жылдарына жататын мыңнан аса түпнұсқа экспонат жинақталған. Партизандардың хат-хабарлары, жауынгерлердің жақындарына жазған хаттары, қару-жарақ және тағы басқа жәдігерлер. Сұрапыл соғыстың куәгерлері бейбіт күннің қаншалықты қымбат екенін түк айтпай-ақ ұқтырады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер