2016 жылы Қазақстан экономикасы өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі құрылыс саласы болды. Былтыр еліміз бойынша 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Құрылыстың қарқын алуы осы салада жұмыс істейтін кәсіпорындар қуатының артуына жағдай жасады. Индустрия үшін сапалы материалдар шығаратын зауыттарымыз ішкі сұранысты қанағаттандырудан бөлек, көрші мемлекеттердің нарығын бағындыра бастаған. Қапшағайдағы зауыт Қазақстан нарығында 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда жыл сайын 25 миллион шаршы метр гипстелген картон, 100 мың тонна құрылыс қоспасы өндіріледі. Өндіріс ошағының өнімдерін отандық компаниялармен бірге, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдері тұтынып отыр.

 

РОМАН ДОТМАНН, ЗАУЫТТЫҢ ӨНДІРІСТІК БАСШЫСЫ:

 - Біз тәулік бойы жұмыс істейміз. Себебі елімізде құрылыс өте қарқынды жүріп жатыр. Оны зауыт жұмысшылары да жақсы сезінуде. 

Қапшағайдағы пеноплекс шығаратын зауыттың да қуаттылығы еселеп арта түскен. Осыдан 10 шақты жыл бұрын бұл кәсіпорын 300 текше метрдей ғана терможабын шығаратын. Қазір ол көрсеткіш 1,5 мың шаршы метрді еңсерді. Зауыт негізінен өз өнімін Орталық Азия елдеріне шығарады. Алдағы жылы мұнда осындай тағы бір желі іске қосылмақшы. 

 

ӨТЕҒАЛИ ЖҮНІСОВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Өнім шығару көбейіп жатқан себебі мен ойлап отырмын құрылыс ұлғайып, көтеріліп жатыр. Сол себептен сұраныс та көбейіп жатыр.

Бір ғана Қапшағай қаласының өзінде 50 шақты өндіріс ошағы бар. Соның 10-ы экспортқа бағдарланған. Қазір қала іргесінен жалпы аумағы 300 гектар жерді алып жатқан өндірістік аймақ салынып жатыр. Онда азық-түлік пен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар шоғырланатын болады.

Ал жол құрылысына қажет битумды Ақтау зауыты инновациялық тәсілмен тасымалдауға көшті. Ендігі жерде отандық тауар тапсырыс берушіге Қазақстанда жасалған полиэтилен қапшықтармен жеткізіледі. Оларға құйылған жол битумы ұзақ мерзімге жылуы мен сапасын жоймайды. Сәйкесінше, жол салушы компаниялардың зауытта дайын өнімді сақтауға төлейтін шығынын азайтады. Жеткізілген бойда төсеуге жарамды битумға сұраныс та жоғары. Жаңа өнім Маңғыстау өңірін кесіп өтетін «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жаһандық көлік дәлізі мен республикалық маңыздағы жолдар құрылысында қолданылып жатыр.

 

КОНСТАНТИН ДРОБЫШЕВ, ЗАУЫТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Биг-бэк» қапшықтарына құйылатын битумның қызуы  140 градус. Мұндай температураға шыдас беретін полиэтилен қапшық жол құрылыс материалының химиялық құрамын сақтайды. Кәсіпкерлер үшін басты тиімділігі сұйық битумды сақтау және жеткізуге кететін шығынды үнемдеуінде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер