Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында еліміздің жалпы ішкі өнімі 3 пайызға өсті. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, өнеркәсіп пен құрылыс, сауда-саттық және көлік салалары экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Жалпы, жыл соңында жалпы ішкі өнім көлемін жоспардағы 2,5 пайыздық межеге жеткізу көзделіп отыр.

 

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

- Жыл қорытындысы бойынша 2,5 пайыз межеден артық өсімге қол жеткіземіз деп айту қиын. Өйткені бізде базалық негізде 1 пайыз белгіленген. Ал болжамдарды қайта қарауға себеп жоқ. Жартыжылдық нәтижелерге қарап, ішкі және сыртқы трендтерге қарап, осы мәселеге қайта оралатын боламыз.

 

Орталық Азия және Кавказ елдерінің экономикалық  дамуына болжам жасаған  Халықаралық валюта қоры Қазақстан биыл біршама өсімге қол жеткізеді деп отыр. Еліміздегі жағдайды сараптай келе қор мамандары елімізге Қытай экономикасының да оң ықпал етіп отырғанын айтады. Және де аймақтағы мұнай экспорттаушы елдерінің экономикасындағы өсім  биыл 3,1 пайыз болады деген болжам бар. Ал 2018-ші жылы тағы бір пайызға ұлғаяды. Халықаралық қордың болжамдары қазақстандық Ұлттық банктің пайымымен сәйкес келеді.

   

ҒАЛЫМЖАН ПІРМАТОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз өзіміздің банкте төрт кезең бойынша болжам жасаймыз. Біріншісі ақпан айында аяқталды. Қазір екінші кезеңі аяқталады, оны маусым айында жариялаймыз. Біздің болжамымыз бойынша Ішкі жалпы өнім биыл 2,5 пайыз, ал келесі жылы 4,7 пайыз болады. Жалпы біздің бағалауымыз ұқсайды. Қашағанның арқасында мұнай өндірісі артады. Сондай-ақ, инвестиция көлемі ұлғаяды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер