Жақын келешекте алып кемелермен қарт Каспийде саяхат жасау мүмкін болады. Теңіз арқылы шектесетін 5 ел арасында жолаушылар лайнері қатынайтын болады. Жағалаудағы мемлекеттер бірлесіп, «Каспийге саяхат» деп аталатын жобаны жүзеге асырмақ.

Осыдан 10 жыл бұрын Ресейдің мұхитқа арналған алып кемесі Ақтау  портына алғашқы саяхаттаушыларды алып келген еді. Кеме иесіне бұл жоба тым қымбатқа түскендіктен саяхат одан әрі жалғасқан жоқ. Араға 8 жыл салып бортында 87 турист бар екінші су көлігі Баутино портына табан тіреді. Ресейлік меймандар бірнеше күн қазыналы Маңғыстау түбегін аралап, қазақ мәдениетімен жақынырақ танысқан болатын. Екі ел заңындағы кейбір кедергілерге байланысты әлгі кеме келесі жолы Қазақстанның аумағына кіре алмай қалды. Ақтаулық туристік фирманың басшысы бұл бастама жалғасын табуы қажет деп санайды. Теңіз жағалауындағы мемлекеттер «Каспийге саяхат» жобасын жүзеге асырмақшы.

 

ЕВГЕНИЯ СЛЮСАРЕВА, ТУРИСТІК ФИРМАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл туризм нарығындағы серпінді жобалардың бірі. Себебі, Каспийде кемелермен серуендеуді ұйымдастыру мұндағы 5 мемлекет үшін де пайдалы болмақ. Сондықтан да бұл іске барлығымыз бірлесе атсалысуымыз қажет. Билік пен кәсіпкерлердің қолдауы маңызды.

Теңізге саяхатты ұйымдастыру үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет. Мәселен, Каспий аймағындағы елдер арасында визалық тәртіпті сәйкестендіру керек. Сондай-ақ, жобаға инвесторлардың қолдауы қажет болады.

 

ГҮЛЖАН БАЙЖАУЫНОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Мемлекет басшысы жуырда Маңғыстау облысына жасаған сапарында аймақта туризмді дамыту үшін бірқатар жұмыстарды атқаруды тапсырған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің жетекшілігімен Ақтауда туризмді дамытудың бас жоспарын әзірлеп жатырмыз. Онда теңіз саяхатынан бастап, қаланы абаттандыру, жаңа жағажайлар салу, жағалауға инфрақұрылым жүргізу ісі қарастырылған.

Каспийді кемемен аралау жобасын жүзеге асыруға Қазақстан бастамашы болған. Бұл идеяны өзге мемлекеттер іліп әкетті. Қазір Ресей, Иран және Әзірбайжан елдері өздерінің саяхаттау бағытын әзірлеп жатыр. Жолаушылар кемелері 5 елдің портына аялдамақ. Олардың қатарында Қазақстанның порттары да бар.

 

САУАЛНАМА: 

  - Каспийде кемемен саяхат жасауды асыға күтудеміз. Егер сондай турлар ашылатын болса біз әрине қуана-қуана барамыз отабсымызбен. Өйткені біз қыдырғанды жақсы көреміз.

- Телевизордан көріп жатырмыз, үлкен лайнердің ішінен асханасы, мейрамханасы бар, олар отбасыларымен солай қыдырып жүреді екен. Сондай мүмкіншілік болса, өте қуанышты болар едім.

Жолаушы кемелері санаулы жылдардан соң теңізге жіберілмек. Ол уақытқа дейін алып су көліктерін қабылдай алатын Құрық портындағы құрылыс та толық аяқталады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер