ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі  кезінде Астанада 4 мыңнан аса мәдени шара өтеді. 93 күн бойы қазақ халқының тарихы мен ұлттық салт-дәстүрі паш етіледі. Арнайы тігілетін этноауыл мәдени шаралардың ошағына айналады. Онда күн сайын «Қыз қуу», «Аударыспақ», «Теңге алу» сынды ұлттық ойын түрлері көрсетіледі. Ал 11-12 маусым күндері «Қазанат» ипподромында бәйгеден Президент сыйлығына халықаралық турнир өтеді. Бұған қоса, көрме кезінде көкпардан әлем чемпионаты да ұйымдастырылады. Оған 15 елден 150-ден аса спортшы қатысуы тиіс. 17-ші шілдеде Мәскеу-Астана-Сиань бағытында халықаралық ралли марафоны басталады. Ол жарыста 80 елден 1 жарым мыңнан астам адам бақ сынайды. Сондай-ақ, «Шанхай ынтымақтастық ұйымы-2017» марафоны да жоспарланып отыр. ЕХРО аясында өтетін мәдени шаралар да әлем көрермені үшін қызықты болары сөзсіз.

 

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - «Астана Операдағы» қойылымдарға сұраныстың көптігінен, қазір билет сатуды уақытша тоқтаттық. Бұл күндері ауқымды саммиттер мен форумдар өтетінін ескеріп, билеттің біраз бөлігін осы шара қатысушыларына қалдырып қойдық . Қазір  «Ла Скала» театрымен тағы да қойылымдар қою үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, Астана аренада Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. 6 күн ішінде 7 мың билет сатылып кетті. Сондықтан Димаш Құдайбергеннің 2 рет концерт беруі мүмкін. Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз.

 

Халықаралық көрмені қабылдайтын бас шаһар басшылығы да өз тарапынан тұрғындар мен қонақтарға бос уақытын әсерлі өткізуге жағдай жасамақ. Айтуларынша, ЕХРО-2017 көрмесі кезінде әкімдік 700-ге тарта іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Фестивальдер, көрмелер, театрландырылған және цирктік қойылымдар, спорттық шаралар, тағысын тағы. Ойын-сауық бағдарламалары мен концерттердің 70 пайызы ашық алаңдарда, саябақтарда өтеді. Елорда әкімдігі сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Астана дауысы» халықаралық музыка фестивалін ұйымдастыруды көздеп отыр. Спорт жанкүйерлерінің талғамы да ескеріліп отыр. 

 

САМАТ ҚАБДУЛИН, АСТАНА ҚАЛАСЫ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Көп спорттық іс-шара өтеді. Ол әлем кубоктары, әлем чемпионаттары, Ұлттық спорт түрлерімізді ұмытуға болмайды. Ұлттық спорт түрлерінен іс-шаралар дайындап отыр. Айтып кетейін, ол бәйгеден, тоғызқұмалақтан, аударыспақтан, қазақ күрестен сондай жарыстар өтеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер