Қызылорда өңірінде тұратын қазақстандық үш ардагерге «Мәскеу үшін шайқасқа 75 жыл» төсбелгісі берілді. Майдангерлерге марапатты Ресейдің Алматыдағы бас консулы Алексей Демин табыстады. Мәскеуді жау қолынан аман алып қалғандарға құрмет ретінде шығарылған бұл төсбелгі Ресейде өткен жылдан бастап беріле бастаған. Қазақстандық жауынгерлердің өлшеусіз үлесін ескерген Мәскеу басшылығы тағдырлас көрші елдің батырларын да ұмыт қалдырмауды жөн көрген.

 

БӨРІБАЙ ҚҰЛМАНОВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: 

 - Сол соғыста мен Мәскеуді қорғадым. Көптеген бекініс жасап, құрылыс салдық. Ел үшін, халық үшін деп күрестік. Патриотизмде шек болған жоқ. Соғысқа бармаймын деген адам болмады. Тек алда тұрған мақсат – жауды жеңу, жеңіске жету. Сол жеңістің арқасында еліміз аман.

 

Ұлы Жеңістің 72 жылдығы және ардагерлер қозғалысының 30 жылдығына орай Таразда «Ол күндердің өшпес даңқы» атты патриоттық акция өтті. Қарт майдангерлер «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қойып, қан майданда ерлік пен батырлық үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухына бас иіп, тағзым етті. Өткен жылдарды еске түсіріп, өскелең ұрпаққа өнегелі өсиет айтты. Шара барысында соғыс жылдарындағы әндер орындалып, қарияларға құрмет көрсетілді.

Ал Астана қаласының Мемлекеттік мұрағат Президент архивімен бірлесе «Ұлы Жеңіс кезеңдері» атты көрме ұйымдастырды. Шараға Отан соғысы мен тыл ардагерлері арнайы шақырылып, өткен өмір жолы жайында әңгімеледі. Оқушылар әскери әндер шырқады.

 

ӘБДІРАХМАН САПАРОВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

 - Бізді оборонаға қойды. Бірақ артеллериямыз қап кеткен, және одан кішірек 32 миллиметрлік артеллерия берді де Волоколомск шассадағы екінші абаронға қойды. Волоколамск шасседегі біріншідегілер әлгі Панфилов дивизиясы, осы Алматыдан барған. Бәрі Алматының жігіттері. Қандай қылып танкіге қарсы олар әрекет қылды, өлімге барса да танктерді өткізбей тұрды.

 

ӘУБӘКІР УӘЛИЕВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

 - Мен Штетн Дрезден деген қалада болдым. Подсдам деген қалада болдым. Бұл екеуінде де соғысып, соғыста жеңдік. Берлинге жеттік.

Қарт майдангерлер естелігін тыңдаған соң келушілер Архив қорларынан алынған құжаттармен танысты. Кей жәдігерлер көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер