Елордада алғаш рет «Бірлікпен жеткен Ұлы Жеңіс: майдан ерлігі, тыл беріктігі» атты халықаралық форум өтті. Оған 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысқа қатысқан қарт майдангерлер мен тыл ардагерлері шақырылды. Жеңіс күніне орайлас шараға Балтық және ТМД елдерінен арнайы делегация мүшелері келді.

Ананы баладан, баланы әкеден  айырған сұм соғыстың аяқталғанына 72 жыл өтсе де, бүгінгі ұрпақ оның мән-маңызын ұмытқан емес. Жеңісті жаудың қолынан жұлып берген жауынгерлер рухына тағзым ету – кез-келгеннің парызы.

 

ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ, АҚЫН, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Сұм соғыста 27 миллион адам қаза тапты. Оның 350 мыңы – қазақ. Ал, сол жылдары  бір де бір граната, бомба қазақ даласына түспеді. Бірақ, біздің халық тасадан келген жаудың бетін қайтарудан қайтпады. Қанша жас қыршын көз жұмды. Ерлікпен қаза тапты. Жанкештілік деген осындай болса керек.

 

Жеңімпаздар форумы 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған кезінде бір Одақта болған елдердің өкілдері мен ардагерлері қатысады.

 

АСЫЛХАН БЕКБАЕВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

 - Жастар бейбіт күннің оңайлықпен келмегенін білуі керек. Мұндай шаралардың негізгі мақсаты осы. Жеңімпаздар форумына қатысамын. Майдандастарымды көріп қуанып қаламын. Бізде бір ғана тілек бар. Соғыс болмасын! Келешек ұрпақ бейбіт күннің қадірін білсе екен.

 

ВАСИЛИЙ КЛЮЙ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ /УКРАИНА/:

 - Қара теңіздегі майданда болдым. Соғыстың әрбір күні есімде. Қанша боздақ қыршын кетті. Жазықсыз еді. Біз мұндай зұлматты бастан кешпеуіміз керек болатын. Амал нешік. Бейбіт күнде өмір сүріп жатқан адамдар ашық аспанның қадіріне жетсе екен.

 

Қан майданға қазақ даласынан 1 миллион 300 мыңнан астам жауынгер аттанды. Оның жартысынан көбі оқ пен оттың ортасынан оралмады. 520 жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атағын алған. Ендеше, Отан үшін отқа түскен әр майдангерді ұлықтау – баршамызға ортақ парыз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер