Оралда жаңадан құрастырылған зымыранды-артиллериялық «Маңғыстау» кемесі суға түсірілді. Бұл – отандық кеме құрастыру зауытының бұл жиырма алтыншы су көлігі. Ол еліміздің әскери-теңіз күштерінің тапсырысымен жасалған. Жаңа кеме Каспий теңізіндегі шекарамызды қорғайтын болады. Гидроакустикалық станцияның көмегімен су астындағы шабуылдарға тойтарыс беруге қауқарлы.  

 

ВЯЧЕСЛАВ ВАЛИЕВ, КЕМЕ ҚҰРАСТЫРУ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл кеме байланыс құралдарының озық үлгілерімен жабдықталған. Соның ішінде навигациялық және штурмандық мүмкіндіктері зор. Кеме экипажының жүріп-тұруына өте қолайлы жағдай жасалған. Теңізде он тәулікке дейін дербес жүзе алады. Сондықтан, жаңа су көлігінің сипаттамасы барлық талаптарда жауап береді деп толық сеніммен айта аламын.  

 

Кемені құрастыру барысында әскери теңізшілердің қару-жарақ пен шұғыл әрекет ету бағытындағы ұсыныстары ескерілді. «Биыл еліміздің Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Сондықтан, оралдықтардың бұл жолғы туындысын тамаша тарту деп есептейміз»,- дейді министрлік өкілдері.

 

ТАЛҒАТ ЖАНЖҮМЕНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің Қарулы Күштеріміз тағы да 4-ші әскери кемемен толықты. Ол деген біздің Каспий өңірінде әскери қауіпсіздігімізді қорғау үшін өте керек кеме. Осыдан кейін тағы міндетті түрде жаңа кемелер «Зенит» зауытында салынып, біздің Қарулы күштеріміздің қорғаныс қабілеті одан әрі арта береді.

 

Қазір зауыт жұмысшылары шекарашыларға арналған тағы бір су көлігін  құрастырып жатыр. FC (эф, си) үлгісіндегі жылдам жүзетін катер осы жазда Каспийге аттанады.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер