Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған салтанатты шеруге дайындық қызу жүріп жатыр.  Оған еліміздің жетекші әуе базаларындағы эскадрильялар қатысады. Бұл топтың арасында Талдықорғандағы 21/751 әскери бөлімнің ұшқыштары да бар. СУ-30 жойғыш ұшағынан шыққан мына дыбыс олар үшін әсем музыканың сазынан әсте кем емес. Аспанда еркін қалықтап, әскери әуе кемелерін ырқына көндіріп жүрген азаматтар оны керемет жақсы көреді. Руслан Смағұлов халықаралық оқу-жаттығу жиындарына талай рет қатысқан. Оның көкте самғаған уақытының жалпы жиынтығы 600 сағатқа жуықтайды.

 

РУСЛАН СМАҒҰЛОВ, ӘСКЕРИ ҰШҚЫШ:

 - Аспанда ұшу – бұл енді керемет сезім. Оның әсерін айтып жеткізу үшін ұшу керек. Өз басым, ұша бергім келеді.

Байырғы ұшқыштар жастарға ақыл-кеңес беруден жалықпайды. «Біздің өмірдің басты талабы осындай»,-дейді командирдің орынбасары Теміртас Ыбыраев.

 

ТЕМІРТАС ЫБЫРАЕВ, ӘСКЕРИ БӨЛІМ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Кәсіпті жетілдіруде шекара болмайды. Үйренген сайын үйренуге ұмтылу керек. Сосын жиған-терген тәжірибеңді жастарға айтудан жалықпаған жақсы. 

 

Бүгінде авиабазаның таңдаулы эскадрильясы топтанып ұшатын көріністі пысықтап жатыр. Экипаждың құрамына өз ісін жетік білетін нағыз мықтылар енген.  Олар аспанда орындалатын әрбір әрекетті бүге-шігесіне дейін қайталауда. Әскери шеру кезінде  қызықтап қараған жұрт «міне, біздің авиация, міне, біздің жігіттер» деп мақтанышпен айтса, ең жоғарғы баға сол болмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер