Қазақстанда 51-халықаралық Менделеев олимпиадасы өтті. Дәстүрлі білім додасы әлемнің 20 елінен келген 100-ге тарта химия пәні үздіктерінің басын қосты. Зияткерлер органикалық, физикалық және биохимиялық заттардың ішкі құрамын анықтаудан шеберлік байқасты. Алғашқы екі теориялық сында күрделі есептердің шешімін іздеді.

 

ҚҰРМАНҒАЛИ БЕКІШЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІСІ:

 - 1-ші турда міндетті 8 тапсырма, екінші турда 15 тапсырма химияның 5 саласы бойынша Менделеев олимпиадасының әдістемелік комиссиясы бар, солар таңдайды. Әдетте ол тапсырмалар мектеп бағдарламасынан тыс ЖОО химиялық мәселелерін толық қамтиды. Жыл сайын қайталанбай, өзгертіліп отырады.

Ал қорытынды кезеңде жас ғалымдардың  жиып-терген білімдері тәжірибе жүзінде сараланды. Бұл сында 5 сағаттың ішінде арнайы химиялық құрал-жабдықтармен түрлі қоспаларды зерттеп, дәрілік заттың құрамын нақтылау талабы қойылды. Аса күрделі тапсырмаларды алғашқылардың бірі болып қазақстандық оқушы Нұргелді Санабай орындап шықты. Ол былтыр дәл осы олимпиаданың қола жүлдегері атаныпты. 

 

НҰРГЕЛДІ САНАБАЙ, ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ :

 - Мен бір жыл бойы күні-түні сабағымды оқып осы жылы бұл жақтан жоғары нәтиже көрсетемін деп ойлаймын. Және халықаралықтан кейін әлемдік деңгейге шығатындай олимпмадаға барғым келеді. Алдыңғы жылы өкінішке орай өте алмай қалдым.

 

Өткен жылы ел құрамасының сапындағы 8 мүшесінің барлығы жүлдеге іліккен. Төртеуі күміс алқаны қанжығасына басса, қалғандары үздік үштікті тұйықтады. Ал соңғы 5 жылда 5 алтын мен ондаған күміс, қола алқалар еншіленді. Қазақстан 1956 жылдан бері өткізіліп келетін білім білім бәйгесіне 19 рет жеке құрамын баптап, оның үшеуінде қатысушыларды қабылдаған. Дәстүрге сай байқау жеңімпаздарына Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына емтихансыз түсуіне мүмкіндік беріледі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер