Қазақстанның БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясына төрағалық ету мерзімі аяқталуға жақын. 70-жылдық тарихы бар халықаралық ұйым қоршаған ортаны қорғау, сауда-саттықты жеңілдету сияқты маңызды мәселелермен айналысып келеді. Қазақ елінің Комиссияға төрағалығы нәтижелі болды, дейді сарапшылар.

 

ЖАНАР АЙТЖАНОВА, ҚР ШВЕЙЦАРИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бұл салада біз осы Еуропалық экономикалық комиссияның Энергетика комитетімен тығыз жұмыс істейміз. Осы комитетттің көмегімен 11 маусымда Астана ЕХРО-ның барысында қоршаған ортаны қорғау және энергетика министрлерінің саммиті болып өтеді.

 

Аталған саммит 8-ші энергетикалық форуммен жалғасады. Алқалы жиынның ең маңызды нәтижесі Астанада Жасыл технологияларды дамыту орталығын ашу туралы шешім болмақ..

 

ДЖИХАН СУЛТАНОГЛУ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

 - Бұл ЕХРО-2017 көрмесінің «Болашақ энергиясы» атты тақырыбымен үндесетін жақсы ұсыныс болды. Орталық көрме аумағында орналаспақ. БҰҰ-ның Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асыратын орталығының Астанада ашылуы өте орынды. 

 

СКОТТ ФОСТЕР, БҰҰ ЕЭК ЭНЕРГЕТИКАНЫ ТҰРАҚТЫ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан энергетиканы дамытуды көздеген және қазірден бастап баламалы және тиімді энергия көздеріне үлкен көңіл бөліп отырған мемлекет. Жасыл технологияларды дамытып, болашақ энергияға көшу арқылы Қазақ елі бүкіл әлемге үлгі бола алады.

Халықаралық ұйым мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас аясы да кеңейіп келеді. Биыл бизнестегі кедергілерді жоюға бағытталған арнайы жоба жүзеге асты. Ол үшін мемлекеттік қызметкерлер үшін тренингтер ұйымдастырылды.

 

МАРИО АПОСТОЛОВ, БҰҰ ЕЭК САУДА ЖӨНІНДЕГІ АЙМАҚТЫҚ КЕҢЕСШІСІ:

 - Қазақстанның сауда және басқа да салалардағы әлеуеті зор. Сіздің мемлекеттің Комиссияға бірнеше жыл төрағалық етуін біз жоғары бағалаймыз.

 

Қазақстанның Швейцариядағы елшісі Жанар Айтжанова БҰҰ Еуропалық Экономикалық Комиссиясына  мүше елдерді Астанада өтетін ЕХРО көрмесіне шақырды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер