Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Солтүстік Кореяның ядролық мәселесіне арналған отырысына қатысты. Отандық делегацияны Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастап барды. Онда АҚШ мемлекеттік хатшысы Солтүстік Кореяның Қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзып отырғанын айтып, барша әлемді жойқын қаруға қарсы шығуға шақырды. Ал Қазақстан сыртқы істер министрі еліміздің бейбіт әлем құру бағытындағы бастамаларын баяндады. 1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһанда көлемі бойынша 4-ші ядролық арсеналдан бас тарту жөніндегі шешімін дәлел ретінде келтірді.

 

БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ АСТАНА ПРОЦЕСІНЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Министр осы сапары барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Бас хатшы Астана процесіне қолдау білдіретінін айтып, аталған алаңның Сириядағы шиеленісті реттеуге сүбелі үлес қосып отырғанын оң бағалады. Сондай-ақ, Антониу Гутерриш өзінің Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына қатысатынын қуаттады.

ҚАЗАҚСТАН-АҚШ ӘРІПТЕСТІГІ

Қазақстанның бейбіт бастамаларын АҚШ та жоғары бағалайды. Бұл туралы Құрама штаттардың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Қайрат Әбдірахмановпен кездесуде мәлім етті. Ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешімін көрегендікке балап, Қазақстанның халықаралық қауымдастықта абыройы арта түскенін және елде саяси әрі экономикалық тұрақтылық нығайып, ірі инвесторлар тартуға сеп болғанын атап өтті. Кездесуде Сирия мен Ауғанстандағы ахуал, Корей түбегіндегі түйткілдер де сөз болды. Қайрат Әбдірахманов еліміздің әлемдік және аймақтық мәселелерді шешуге атсалысуға әркез  дайын екенін айтты. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер