ЕХРО көрмесіне 2 миллионнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Оның 15 пайызы шетелдіктер болмақ. Қазақстанға кедергісіз келу үшін қазір 45 елмен визасыз режим қабылданды. Шет мемлекеттердің басты туроператорларымен де байланыс орнатылған. Олардың дені елордада өткен «Астана ЕХРО-2017» үшінші халықаралық туристік конференциясына қатысты. Сарыарқа төріне 30 елдің, 170-ке жуық туроператоры жиналды.

 

РОЗА АСАНБАЕВА, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК ТУРИЗМ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Бүгін Қазақстан үшін туристік мереке деуге болады. Әлемнің көптеген компаниялары алқалы жиынға арнайы келді. Олар халықаралық көрменің билеттерін сатуға, қонақтарды Астанаға шақыруға дайын. Бүгінге дейін біраз жобаларды жүзеге асырдық. ЕХРО жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз.

ЖЕҢІС ЗЕЙНОЛЛА, ТУРОПЕРАТОР ӨКІЛІ /ҚЫТАЙ/:

 - Қытайдағы адамдарды осы ЕХРО- ға қатынастыруға , виза жөнінде, осында әкелуге компаниялармен жұмыс істеп жатырмыз. ЕХРО арқылы көп адамдар танылады деп ойлаймыз. Димаш бауырымыз шыққаннан бері қытайлықтардың танымдары жоғарылап жатыр.

 

ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесіне бүгінге дейін бір миллионға жуық билет сатылған. Ауқымды шара туралы халықты ақпараттандыру кеңінен жүргізілуде. Шет мемлекеттерде де арнайы роуд-шоулар ұйымдастырылуда. ЕХРО-ға саяхатшыларды көптеп тарту ісіне туристік компаниялар да белсене атсалысуда. Бүгінде ресми билет операторы мен туристік компаниялар арасында 93 мың билетті өткізу туралы келісімге қол қойылды.

 

ЕРБОЛ ШОРМАНОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Аз уақыттың ішінде Қазақстанның бар әлемге танылды. Қазір Астанада өтетін ЕХРО-ға деген қызығушылық жоғары деп айта аламыз. Бұл – қуанышты жағдай. Көрмеге келушілер көп болады деп сенеміз.

 

Әлем елдерінің ЕХРО көрмесіне дайындығы қызу. «Болашақ энергиясы» тақырыбын арқау еткен ауқымды шараға 115  мемлекет пен 20-дан аса халықаралық ұйым қатысуға ниет білдірген. Олар баламалы қуат пен экологияны сақтау бағытындағы тың жобалары мен жетістіктерін таныстыруға асық. Шараға тыңғылықты дайындалып жатқан елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Көрме өтетін үш айда осы ел жалпы саны 400-ге жуық шара ұйымдастырмақ. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Корея сауда және инвестиция жөніндегі агенттігінің президенті Ким Джехон арасындағы кездесуде айтылды. Қазірдің өзінде корей тарапы өз павильонының бірқатар бөлігін безендіріп үлгерген. Дайындық жұмыстары мамыр айында толық аяқталуы тиіс. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер