Қазақстан экологиялық таза отын өндісін арттырады. Қарашығанақ кенішінің дәл қасынан бой көтерген «Конденсат» зауыты жылына 200  мың тонна бензин, тағы осынша дизельді отын өндіреді. Бұл өңірдің жанармайға қажеттілігін толық өтейді. Зауыт толық қуатына көшкен кезде экологиялық қауіпсіз Еуро-5 класты отынның артылғанын көрші облыстарға, қала берді экспортқа жіберуге жағдай бар. Ал жуырда іске қосылған вакуумды айдау секциясы мұнайды бұдан да терең өңдеп, қосымша өнімдер алуға мүмкіндік береді.

 

СЫРЫМ ҚОЖАНТАЕВ, ЗАУЫТ ИНЖЕНЕРІ:

 - Бұл деген бұрын жартылай шикізат еді, қазір енді толыққанды өнім беріп жатыр. Бұрын тек мазут шығаратын едік. Қазір мазутты беріп, бұдан гудрон, вакуумды газойл шығарамыз. Бұл өнімдерге сұраныс көп өте.

Жалпы құны 170 млн долларға жуықтайтын жобаның 70 пайызын «Қазақстанның даму банкі» қаржыландырған. 2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша салынған өндіріс орны мұнай өнімдеріне деген жергілікті сұранысты толықтай өтеді көздейді.

 

БАҚЫТЖАН ОМАРОВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ БАНКІ» АҚ ӨКІЛІ:

 - Банк еліміздегі Атырау мен Павлодар зауыттарын жаңғыртуға атсалысты. Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға қаржы салу  жайын қарап жатырмыз. Ал «Конденсатқа» келсек, бұл жобаның маңызы орасан. Себебі елімізде ақшыл мұнай өнімдеріне сұраныс жоғары, әсіресе батыс өңірде. Осы арқылы жоғары сапалы жанармайға тапшылықты жоямыз.

 

Кәсіпорын өткен жылдың аяғынан бері 20 мың тоннадай бензин шығарған. Биыл зауыт барлығы 418 мың тонна мұнай өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты да шілде айында жоғары октанды бензин өндіре бастайды. Жаңғырту жұмыстарының негізінде зауыт жылына 4 мың тонна күкірт шығарады. Мұнай өнімдерін саңылаусыз құю кешені де аяқталды. Нәтижесінде жанармай мен дизель отынының сапасы Еуро-4 және Еуро-5 стандартына сәйкестендірілді. Ал, екінші кезеңде мұнайдың құрамындағы шикізаттарды бөліп алу процесін жетілдіру үшін техникалық-инновациялық тың жобалар енгізіледі. Нәтижесінде өңделетін мұнай көлемі ұлғаяды. Жоба толық жүзеге асқан кезде еліміздегі мұнай өңдеу зауыты әлемдік талаптарға толық жауап беретін жоғары технологиялы ірі өндіріс орнына айналатын болады.

 

ТАЛҒАТ МАКУЛОВ, ШЫМКЕНТ МӨЗ ДЕПАРТАМЕНТ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталған кезде біз Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келетін  Еуро-4 - Еуро-5 санатындағы Отандық өнім шығара аламыз. Нәтижесінде зауытта жоғары октанды бензиндер шығару жылына 460 мың тоннаға, дизель отынын өндіру 226 мың тоннаға ұлғайды. Қосымша 27 мың тонна авиаотын өдіреміз. Ал, АИ-80 маркалы бензин Қазақстанның ішкі нарығындағы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін шығарылуы мүмкін.

Кәсіпорын мұндай мүмкіндікке еліміздегі Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламасының аясында қол жеткізіп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер