Әзірбайжан басшылығы Құрық порты кешенінің іске қосылуын айтулы оқиғаға балап отыр. Себебі Ақтауға қарағанда, ол Бакуге әлдеқайда жақын.  Бұрын жүкті тасымалдауға 22 сағат керек болса, қазір паромдар Бакуге 18 сағатта жетеді. Каспийдегі жүк ағынын реттеу үшін Қазақстан мен Әзірбайжан бірлескен кәсіпорын  құруға келіскен. Қазір тараптар Қазақстанда орналасатын  компанияның бизнес және  қаржы жоспарларын әзірлеуге кірісті. Кәсіпорын Ақтау және Құрық порттары мен Әзірбайжандағы Алят порты арасындағы жүктердің тасымалын бірлесіп реттейді.

 

ФАРХАД ГУЛИЕВ, «ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ КАСПИЙ КЕМЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫ» ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бірлесіп басқару екі тарапқа да  тиімді болмақ, себебі жүк тасымалын  ұлғайтуға көмектеседі. Және еліміздің транзиттік әлеуетін арттырады. Осы күнге дейін Құрық порты бағытымен 900 вагон жөнелтілді. Оның 600-і Бакуден Құрыққа ал 300-і Құрықтан Алятқа бағытталған. Тасымалданатын жүк көлемі күн санап артып барады. Алғашқы кезеңде бұл көрсеткіштің бір айдағы көлемі 2 мың вагонға жуықтауы тиіс. Болашақта жүк көлемі  одан да арта түседі.

 

Әзірбайжан биыл жыл соңына дейін Алят портының қуаттылығын күшейтуге бағытталған жұмыстарды аяқтамақ. Болашақта жобаның екінші және үшінші кезеңдерін жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, еркін сауда аймағын құру жұмыстары да жалғасын таппақ. Бұл Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тауар айналымын дамытуға сеп болып, қос елді Азия мен Еуропаны жалғайтын көлік дәлізінің  маңызды бөлігіне айналдырады.

 

ТАЛЕХ ЗИЯДОВ, БАКУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕҢІЗ ПОРТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазір бізден өтетін жүктің дені транзиттік. Құрықтың іске қосылуы Қазақстан мен Әзірбайжанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қатысты қабылдаған шараларын күшейтуге  мүмкіндік береді. Құрықтың дамуы аталған дәлізге жақсы  қолғабыс бермек.

Қазақстан мен Әзірбайжан Транскаспий көлік бағдарына қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, биыл Азия мен Еуропа арасында тасымалданатын жүк көлемін одан әрі арттыратын Баку-Тбилиси-Карс теміржолының құрылысы аяқталуы тиіс. Ал қазіргі кезеңде тараптар жасалған келісімдерді одан әрі дамытып, Каспий жағалауындағы жүктерді тиеу бекеттерін күшейту жұмыстарын қолға алмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер