Елордада қазақстандық дизайнерлердің киім үлгілерінің көрсетілімі өтті. Түрлі маталарды ұтымды үйлестіре білген шеберлердің туындылары көздің жауын алады. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған «Fashion Startup Kazakhstan» шоуы – отандық сән индустриясы өкілдерінің басын қосатын бірден-бір жоба. Шараға жас та болса, тәжірибелі кутюрьелер, байерлер,     тігін бұйымдарын өндірушілер және дистрибьюторлар қатысты.

 

ОЛЬГА КРЮКОВА, «FASHION STARTUP KAZAKHSTAN» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Сахналық көрсетілімдерде дизайнерлер төл өнімдерін шоу-румдар мен бутиктерге киім сатып алумен айналысатын мамандарға, яғни байерлерге паш етеді. Бұл жоба – жас шеберлердің нарыққа шығуына тамаша мүмкіндік. Сондай-ақ, шара барысында бас қосып, Қазақстандағы сән индустриясының даму мәселелерін талқылаймыз. Дизайнерлерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстары өтеді.

 

Биыл ұсынылып отырған киім-кешек сыншылар мен аса талғампаз сәнқойлардың  көңілдерінен әбден шығып отыр. Бұл дегенің былтыр жоба аясында іске қосылған арнайы шоу-рум және тапсырыс тізбегі жаңа үлгілермен толыға түседі деген сөз. Басты талап – ішкі нарыққа шетелдік брендтерге бәсекелес бола алатын топтама ұсыну. Көрсетілімге қатысқан әр коллекцияны Қазақстанда жасалған тауарларға арналған «Халық маркасы» сауда орындарының сөрелерінен табуға болады. Бұдан бөлек, үздіктері халықаралық сән байқауларына қатысып, шетелде шеберлік алмасып, тәжірибесін шыңдап қайту мүмкіндігін алады.

 

ӘСЕЛ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ДИЗАЙНЕР:

 - Жабық түрде өтетін трейд-шоу – ісімізді кәсіби тұрғыда сынап, сән әлеміне шығудың таптырмас жолы. Мәселен, мен осы жобаның арқасында былтыр Италияда өткен «Roma Fashion Week» сән апталығына қатысу жолдамасын ұтып алдым.

 

«Fashion Startup Kazakhstan» жобасының көздегені – талантты дизайнерлерді тауып, елдегі жеңіл өнеркәсіпті дамыту. Ұйымдастырушылар бұл бастамалары отандық сән индустриясын жаңа деңгейге көтеріп, қазақстандық дизайнерлер мен өндірушілердің байланысын нығайтады деген сенімде.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер