Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру туралы бастамасы ішкі туризмнің дамуына тың серпін береді. Ақтаудағы «Халықтық келісім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаевтің пікірі осыған саяды. Мысалы, Маңғыстау өңірінде 362 әулие жерленген. Өлке ғажайыптарын, әсіресе Оғыланды тауындағы «Бекет ата» кесенесін көруге әлемнің әр түкпірінен саяхатшылар келеді. Ұлттық мәртебеміздің түпқазығы саналатын тарихи-мәдени ескерткіштерді көздің қарашығындай сақтап, әлемге насихаттау арқылы біртұтас елдігіміз айқындалады» - дейді өңірлік Ассамблея мүшесі.

 

ЮСУП ШАХШАЕВ, «ХАЛЫҚТЫҚ КЕЛІСІМ» ҚБ ТӨРАҒАСЫ:

 - Өңірлерде туризмді дамыту арқылы біз қазба байлықтарға тәуелділіктен арыламыз деген Елбасы сөзінің дұрыстығын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Сондықтан халқымыздың қасиетті жерлерін қалпына келтіріп, айрықша күтімге алсақ - келер ұрпаққа  тұрмыстық, бастысы рухани азық қалдырамыз.

 

Елбасы өз мақаласында таяу жылдардағы негізгі міндеттердің бірі ретінде ақпараттық технологиялар дамыған заманда латын қарпіне көшуді айтты. Әлемдік өркениет көшінен артта қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын әліпбиін кешіктірмей қолданысқа енгізуіміз қажет, дейді филологтар.

 

АЛМАС ӘБСАДЫҚ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Бағдарламалардың тілі, бағдарламалардың жасалуы, жүргізу жолы барлығы латын графикасында жүзеге асырылады. Егер біз латын графикасына көшкен болсақ, қазіргі қолданып жүрген технологияларды, қолданып жүрген құрал-жабдықтарды компьютер деген секілді, жаңағы бағдарламалар деген секілді барлығына біз соның озық үлгілеріне қол жеткізетін едік.

 

Қытайдың халықаралық қатынастар академиясының ғылыми қызметкері Сюй Тао Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі бұрын да көтеріліп келе жатқан, пісіп-жетілген мәселе дейді. Бұған дейін де лингвистер мен филологтар бұл бастаманы жан-жақты сараптаудан өткізді деп отыр.

 

СЮЙ ТАО, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Президент Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын мұқият оқып шықтым. Мақаланың маңызды тұсының бірі латын әріпіне көшу деп айтар едім. Бұл өте маңызды әрі дұрыс шешім болар еді. Демек, xалықтың әлемде болып жатқан жаңалықты жылдам қабылдап, жаңа теxнологияларды жетік  меңгеруге жеңіл болады. Әрине, жазу реформасын жүргізу оңай шаруа емес. Оған біраз жыл керек. Аға буынның латынға үйренуіне, жастардың бейімделуіне уақыт қажет. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер