Қазақстандық көкөністердің биылғы алғашқы өнімі экспортқа жөнелтілді. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында 780 гектар алқапқа егілген қырыққабат жиналып, тұтынушыларға жеткізіле бастады. Егіс алқабынан гектарына орта есеппен 30 тоннадан өнім алынуда. Бұл шаруашылық 4 жылдан бері қырыққабатты үзбей өсіріп келеді. Ауыспалы егістікті молайту үшін өнімді жинай сала дәнді-дақылдарды егуді жоспарлап қойыпты.

 

БЕРІК БАЙЫМБЕТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қырыққабатты жинап алғаннан кейін, мәселен мамырдың 15 не дейін жинап алсақ кейін мақтаға үлгереміз. Егер үлгер алмасақ, дәнді дақылдарды егуге болады.

Қырыққабаттың «понденг» деп аталатын түрі 58 күнде піседі. Салмағы небәрі 1,5 келі. Сұранысқа көп ие болатындығы да сондықтан, дейді шаруалар. Биыл алғашқы партиялар Ресей Федерациясына жөнелтілді.

 

СЕРГЕЙ ИЗАКОВ, КӘСІПКЕР /РЕСЕЙ/:

 - Біздің компания Ресей Федерациясында орнықты жолға қойылған кәсіпорын. Мақсатымыз – Қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне Ресей нарығына жол ашу. Олардың еңбектерін көзбен көріп отырмыз. Қазақстанда өсірілген қырыққабатқа біздің елде жылда сұраныс мол.

 

Қарағанды облысының Топар елді мекеніндегі жылыжай да экспорт нарығына шыққан.  Бұл – еліміздегі ең ірі жылыжайлардың бірі. Аумағы 20 гектарды алып жатқан алып кешенде лимон, апельсин мен мандарин, папайя мен грейпфрут ағаштары жайқалып тұр. Жергілікті мамандар экзотикалық өсімдіктерді жерсіндіру үшін 20 жыл еңбектенген. Ал алғашқы өнім тек 5 жылдан кейін ғана қолға тиеді. Оның өзінде 3-4 келіге жуық.

Бағбандар өнімнің сапасына кепілдік береді. Себебі мұнда химикат мүлдем қолданылмайды. «Биозертханада санитар-жәндіктердің бірнеше түрі өсіріледі. Олар өсімдіктерді зиянкестерден қорғап, мол өнім беруіне көмектеседі. Бұл экономикалық тұрғыдан да аса тиімді.

 

АРТЕМ МОРМЫШЕВ, ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Осы тыңайтқыштың көмегімен біз өткен наурыз айында 425 тонна өнім жинадық. Егер жылыжайдың аумағы бар болғаны 8 гектар ғана екенін ескерсек, бұл рекордтық көрсеткіш.

 

Үш жылдың ішінде мұндағы қондырғылардың барлығы жаңартылып, бағбандар заманауи технологияларды игерген. Жылыжайдағы климатты бақылау, жемістерді суару және жарық беру жұмыстарын компьютер атқарады. Соның нәтижесінде жылыжайдан қыс бойы өнім үзілген жоқ.

 

ЛИЛИЯ КОВАЛЕНКО, ЦИТРУС ӨСІМДІКТЕРІ КЕШЕНІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Мына ағаштар аса үлкен күтімді қажет етеді. Артық бұтақтарын қиып отыру керек, әйтпесе жеміс бермейді.

 

Қазір Топар жылыжайында өскен жемістер еліміздің сауда нүктелерінде сатылады. Ал өткен жылдан бастап Ресейдің нарығына шықты. Қазір Польшаның және Израильдің екі бірдей ірі компаниясы елімізде бірлескен жобаны жүзеге асыруға уағдаласып жатыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер