Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы - бірлігі жарасқан халық. Кезінде солақай саясаттың тәлкегіне түскен өзгені пейілі кең, ниеті түзу қонақжай қазақ құшақ жая қарсы алды. Сол достықтың шырағы жанғалы игі ниет жолынан адаспаған, қаймағы бұзылмай келетін қоғамның бейбіт тірлігіне сызат түскен емес. Байсалды жолдан өтіп, байыпты тәжірибе жинақтаған отандастарымыз біте қайнасып, бір мүддеге ұя білді. Бүгінде сіңісіп кеткен қайырымды ұрпақтың тілдері басқа болғанымен, тілеуі – бір. Ол – қуатты ұлт, шуақты ұлыс құру үшін жарқын болашақты бір адамдай қалау.

 

ГҮЛСИНА БАЙКЕНОВА, ҚХА МҮШЕСІ:

 - Егемендік алғалы біздің отанымыз, тарихымыз, тағдырымыз – бір. Халық бұны жақсы түсінеді. Әрбірінің санасы осыған жетті. Қай сала, қандай мәселе болмасын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ортақ үйіміздің гүлденуіне бір ананың балаларындай  жұмыламыз.

Мұхановтар әулеті көпұлтты еліміздің «Отбасы шағын мемлекет» қағидасының жарқын үлгісіндей. Қазақ жанұясы жақында Биликс есімді малайзиялық келін түсіріп, интернационалды отау құрған. 

 

РҮСТЕМ МҰҚАНОВ, АСТАНА ТҰРҒЫНЫ:

 - Біз түрлі ұлт өкілдері болғандықтан, бір-біріміздің құндылықтарымызды құрметтеуге тырысамыз. Қос халықтың да тәлім-ғибратынан үйренеріміз көп. Биликс қазақтың ұлттық тағамдарын жасайды. Өзі үйренген малайзиялық ас мәзірінде ұмытпаймыз. Тойлайтын мейрамдарымызда  ортақ. Басты мақсатымыз елімздегі ұлтар ынтымақтастығындай берік отбасын құру. Қос елдің рухани құнарынан нәр алып, салт-дәстүріне қанығып өсетін ұрпақ тәрбиелеу.

Бұл орайда Рүстемнің айтпағын толықтырып елімізде ұлттық дәстүрді жандандырып, насихаттауға жол қашанда ашық екенін атап өтпеске болмайды. Қазақстан – өзге тілдің бәрін біл өз тіліңді құрметте деген нақылды берік ұстанатын мемлекет. Бүгінде туған тарих пен мәдениетінен сыр шертер ұлттық жаңғырту бағытында жүздеген мектеп пен орталық жұмыс істейді.

 

УМАРОВ ШАВКАТ, ҚХА МҮШЕСІ:

 - Қазақстанда әр этностың өз болмысын жоғалтпай дами түсуіне бар жағдай жасалған. Мәселен, ұйғыр этномәдени бірлестігінің ұлттық академиялық театры бар. 62 мектепте балалар төл тілдерінде сапалы білім алып жатыр.  Республикалық деңгейде ұйғыр газеті шығып тұрады. Өзге ұлтқа осылай құрмет көрсетілетін басқа елді білмеймін.   

 

Қазақстанның ұлтаралық келісім саясатына кезінде көбі сын көзбен қарағаны рас.  Бүгінде мемлекетіміз өзгеге үлгі боларлықтай әр ұлыстың ұйтқысы мен этносаралық дамудың құтты мекеніне  айналды. Ендігі мақсат достықтың қасиетін жоғары бағалайтын еліміздің біртұтастығы мен ауызбіршілігін көздің қарашығындай сақтап баянды ете түсу. Барша қазақстандықтың пікірі осыған саяды.    

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер