«ЕХРО-2017» көшпелі керуені Еуропаның Испания, Италия, Франция және Ұлыбритания елдерін аралап шықты. Сөйтіп Голландияға жетіп, Роттердамдағы әлемге танымал Эразмус көпірінің маңына тұрақтады. Бұл – голландиялықтар мен шетелдік саяхатшылардың көп келетін орындарының бірі.

КРИСТИНА СТЕФАН, ТУРИСТ /РУМЫНИЯ/:

 - Сіздің елдің табиғаты ерекше екен. Қызыға таныстым. Биыл халықаралық көрме өткізесіздер. «Болашақ энергиясы» деген тақырыбының өзі адамды ЕХРО-ға шақырып тұр. Шынымды айтсам, барғым келді. Астанадағы және осында жүрген достарымнан Қазақстан туралы көп ақпарат алғам. Бүгін де қазақ елі туралы тағы көптеген қызықты деректерді білдім.

Нидерланд жазушысы және саяхатшы Дирк Ян Рулевен – Қазақстан намысын қорғап жүрген «Astana Pro Team» велокомандасының нағыз жанкүйері. Оның айтуынша, Алматыда коньки, шаңғы спорты өте жақсы дамыған. Қазақстан туралы естіп-білгені көп жазушы жазда Астанада өтетін EXPO көрмесіне баруды көздеп отыр.

ДИРК ЯН РУЛЕВЕН, ЖАЗУШЫ:

 - Көшпелі керуен адам баласына өте жақсы әсер береді. Алдымыздағы павильон Астанада өтетін мамандандырылған көрменің өзі іспетті. Жұбайыммен бірге Амстердамнан Токиоға сапар шеккенде Қазақстан арқылы саяхат жасайтын болып шешім қабылдадық. Яғни, Астанадағы Көрмеге де барамыз. Бұл Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де «Болашақ энергиясы» қандай болу керек екенін көрсетуге мүмкіндік беретін үлкен шара болады деп сенеміз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Роттердамға жеткен көшпелі керуенді тамашалау үшін бірінші күні сегіз жүзден астам көрермен жиналған.

МАҒЖАН ІЛИЯСОВ, НИДЕРЛАНД КОРОЛЬДІГІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

 - ЕХРО-2017 туралы Голландия жұрты жақсы біледі. Нидерланд үшін бұл шараның орны бөлек. Өйткені ЕХРО алаңында елдің өз павильоны болады. 22 маусымда Астанада Голландия күні өтеді. Көрмеге елдің ғылыми-зерттеу институттары, инновациялық, жаңартылатын энергетика, баламалы қуат көздері мен табиғи ресурстарды қайта өңдеу салаларында жұмыс жасайтын бірқатар компания катысайын деп отыр.

ЕХРО билеттерін интерактивті мобильді павильонның ішінен онлайн сатып алуға болады. Алып смартфонның алдында көпшілік кезекке тұрып, билеттерді ғаламтор арқылы алып жатыр. Бұл орында арнайы көзілдіріктің көмегімен Астанада өтетін көрмеге «виртуалды тур» жасауға болады. 

СЕЗЕН ЕРОЛ, АМСТЕРДАМДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Естідік, «Астана ЭКСПО-2017» Роттердамға автобус келіпті деп. Соны көрейік деп, тамашалайық деп келдік. Өте тамаша екен, «виртуалды тур» көрдік. Өте әдемі! Ұшқандай болдық, бүкіл Астананы, бүкіл ЕХРО-ның бәрің көрдік, бір-екі минутта.Сол Астананы көрейік деген ойымыз бар, Алматыны көрдік алдында, бірақ, «Астана- арман қала» дейді ғой! Барып көрейік дейміз.

ЕХРО керуені осыдан кейін Австрия мен Германияға бет алып, Финляндияның Хельсинки қаласында сапарын аяқтайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер