БҰҰ-ында ядролық қаруға тыйым салуды көздейтін жаңа халықаралық құжат әзірленіп жатыр. Бұл жойқын қаруға кедергі болатын заңдық мәртебесі бар құрал болмақ. Маңызды құжатты талқылауға халықаралық сарапшылар, дипломаттар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың арасында Қазақстандағы Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры Әлімжан Ахметов те бар.

 

ӘЛІМЖАН АХМЕТОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ САЯСАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен үкіметтік емес ұйымнанмын. Біз Қазақстанда Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығын биыл аштық. Шындығында қазіргі жағдайды тарихи оқиға деуге болады. Егер халықаралық қауымдастықтың осы мәселедегі ұстанымына зер салсақ бұл адамзат баласының жаппай қырып-жою қаруынан азат болу арманын жүзеге асырудағы алғашқы қадамы екенін көресіз. Жаһандық ядролық қарусызданудың көшбасшысы болып саналатын Қазақстан да әлем елдерімен бірге бұл бағытта көп күш жұмсап отыр.

Қазақстанмен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше жүзден астам мемлекет маңызды құжатты әзірлеуге белсене кіріскен. 2016 жылы Бас Ассамблеяда ядролық қаруға тиым салатын заңдық негізге ие шешім қабылданған. Бірақ, ядролық қаруы бар елдер қарсылық білдіріп, конвенцияны әзірлеуге қарсы дауыс берді. Қайшылыққа қарамастан, ұйым басшылығы әлемді ядролық қарудан азат ету үшін қадам жасалатынына сенімді. 

 

ТОМАС ХАЙНОЦИ, БҰҰ ЖЕНЕВА БӨЛІМШЕСІНДЕГІ АВСТРИЯНЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Бірінші кезекте бұл тарихи оқиға. Хиросима мен Нагасакидегі жарылысқа тура 72 жыл толғанда ядролық қаруды таратпау жөнінде келіссөздер басталды. Оң нәтиже күтетініміз жасырын емес. Осы бағытта Қазақстанның атқарар рөлі ерекше әрі маңызды. Ядролық қарусыздандыру турасында үнемі тіл табысып жүрміз. Және ойымыз бір жерден шығады. Екі жақтың да діттегені маңызды құжаттың негізін қалу. Бұл басы ғана. Бұдан кейін де ядролық қаруға тиым салу жолында бірге күресетін боламыз».

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер