Бұған дейін тележурналистика саласындағы үздіктерге "Тұмар" сыйлығы берілген болатын. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тікелей бастамасымен жүзеге асқан бұл марапаттау отандық тележурналистиканың мәртебесін бір көтеріп тастаған еді. Ал бүгін министрлік басшысы Дәурен Абаев тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.kz. 

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын жариялады.

"Биылғы жылы отандық телевизияның үздіктері «Тұмар» сыйлығымен марапатталғаны белгілі. Осы орайда біз басқа БАҚ өкілдерінің еңбегін де ескергенді жөн көрдік.
Сонымен, баспа, радио- және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығын жариялаймыз.
Басты мақсат – талантты журналистер мен сапалы медиа-жобаларға қолдау көрсету.
Байқаудың қазылар алқасы осы саланың майталмандары мен қоғам қайраткерлерінен және сарапшылардан құралады. Қазылардың толық тізімі алдын ала жарияланады.
Сыйлық 15 аталым бойынша беріледі. Журналистиканың дәстүрлі салаларымен қатар, «үздік фотосурет», «Қазақстан туралы ең үздік танымдық материал» және «Қазнеттегі медиа серпіліс» сияқты бағыттар қамтылады.
Байқауға өтініш 7 мамырдан бастап el.kz сайтында қабылданады, сыйлыққа қатысты егжей-тегжейлі ақпарат та сонда болмақ. Салтанатты марапаттау журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылады" - деді министр.

Бұл журналистика саласындағы танымал "Нұр сұңқар", "Тұмар" сыйлықтарымен қатар тұрар үлкен дәреже. Қаламын серік еткен "төртінші билік" иелерінің мәртебесі тағы бір көтеріліп қалатыны анық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер