Қазақстан өңірлері халықаралық әріптестікті дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Ел аймақтары әлемнің көптеген мемлекетімен сауда-серіктестік қатынаста. Мысалы, Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетіне Жапония үкіметі қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен Күншығыс елінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабатаның кездесуінде айтылды. Жапон тарабы Байқоңыр ғарыш кешеніндегі кезінде жалға беріліп, қазір босап қалған 14 нысанды бизнес мақсатта пайдаланбақ. Өндірісті өркендетуге қолайлы жерге Жапонияның қаржы институттары қаржы құюы мүмкін. Алдымен жапониялық делегация аймақтың инвестициялық әлеуетін бағамдап көргеннен кейін, әріптестік байланыстарды дамытуды көздеп отыр.

 

ИТИРО КАВАБАТА, ЖАПОНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Бұл жолғы сапарымыз Қызылорда облысымен және Байқоңыр қаласымен тереңірек танысуға арналады. Біз күріш өсіру, өңдеудің толық кластерін көрдік. Аграрлық саламен қатар бізді туризм және уран өндірісі қызықтырып отыр. Басты мақсат - екі ел арасындағы экономика, ғылым және технология саласындағы әріптестік ынтымақтастықты дамытудың жолдарын бағамдау.

 

Ал Жамбыл облысының көрші Қырғыз Республикасымен қарым-қатынасы тығыз. Былтыр екі арадағы сауда-саттық 24 жарым миллион АҚШ долларына жетті. Қос тарап алдағы уақытта алыс-берісті одан әрі арттыруды көздейді. Осы мақсатта көрші елдің Чу облысының және біздің Жамбыл өңірінің басшылығы кездесіп, ынтымақтастықты тереңдету туралы меморандумға қол қойды. Жиында тараптар сауда-саттық және туризм саласын да кеңінен талқылады. Жамбыл облысы ежелгі Жібек жолының бағытында жатыр. Атап айтсақ, Сайрам - Тараз - Ақшолақ - Ақыртөбе - Құлан - Меркі - Шу - Аспара – Қордай, бұл – тарихи бағдар. Сол себепті өңірдің өткенінен сыр шертер тарихи ескерткіштері көп, олардың ішінде «Айша бибі», «Бабажы қатын», «Қарахан» мен «Дәуітбек» кесенелері, «Ақыртас» жұмбақ қалашығы бар. Саяхатшылық пен балық аулайтын жерлері көп. Осының барлығы ішкі және сыртқы туризмді дамытуға мол мүмкіндік береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер