Қазақстанда  би өнеріне  арналған тұңғыш ғылыми журнал жарыққа шықты. Жалпы «Arts Асаdemy» - еліміздің өнер саласындағы алғашқы мамандандырылған басылым. Мақалалар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарияланады. Журнал Ұлттық хореография академиясының жанынан әзірге айына бір рет 5 мың данамен  шығарылып тұрады. Болашақта басылымды халықаралық деңгейге көтеріп, өзге елдерде тарату жоспарланып отыр. Журнал сарапшылардың қазіргі хореографиялық мәселерге өздерінің кәсіптік көзқарасын білдіріп, үздік оқыту әдістемелері мен саланың іс-шаралары, тың жаңалықтарымен бөлісетін коммуникативтік алаңға айналмақ.

 

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

 - Әр жоғарғы оқу орнынның жанынан ғылыми журнал ашылып жатса, оның бағытын көрсететін. Ғылыми еңбектер шығарылып жатса, ол әрине оқу орнының жоғары дәрежедегі орнын ерекше көрсетеді. Ұлттық хореография академиясы қазірдің өзінде дүниежүзінің бірнеше жоғарғы оқу орнымен тікелей келіссөз бар.

 

Оқырманға жол тартқан тағы бір жаңа туынды «Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабы. Тұшымды еңбекте Назира Мұқышева отандық киноөндірістегі өзекті мәселелерді қарастырған. Оның негізгі құрылымы «Уақыт және қазақ киносы», «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал», «Уақыт. Кино. Тұлға» және «Кино – өмір айнасы» атты төрт бөлімнен тұрады. Туындыға қазақстандық деректі, көркемсуретті фильмдердің сценарийлері рецензиялар еніп,  кино саласындағы зерттеулер, мақалалар және сұхбаттар арқау болған.

 

НАЗИРА РАХМАНҚЫЗЫ, КИНОТАНУШЫ:

 - Бұл жерде 94 жылдан бастап 2016 жылға дейінгі баспасөз бетінде жарияланған, содан кейін кейбірі қолжазба күйінде ұзақ жатып қалған материалдар енді. 20-25 жыл бұрын алынған сұхбаттар бар. Олардың ішінде қазақ киносының, қазақ кинопрокаты, репертуары туралы жалпы экономикалық жағдайдың барлығы болмасада шама-шарқынша көрініс тапты.   

 

Қалың оқырманға жол тартқан еңбек 2 жылдың ішінде жазылыпты. Қазақ киносының сыры мен сыны, сәні мен мәні дәйекті зерделенген жылнамалық туынды алдымен сала майталмандарының  қызығушылығын оятты. Отандық көркем өнердің мән мағынасын ашатын танымдық құралдың жас мамандарға берері мол, дейді кітаптың тұсаукесеріне жиылған зиялы қауым.

 

ТАЛҒАТ ТЕМЕНОВ, ҚР ХАЛЫҚ АРТИСІ, ПРОФЕССОР:

 - Көптеген қазақ киносын зерттеген азаматтар болған. Оның басым көпшілігі орыс тілінде жазып жүргендер. Олардың ішіндегі алғашқы қарлығаштарының бірі осы қазақ киносын қазақи тұжырыммен жазып оны зерттеп көз майын тауысқан Назираға мына кітабың құтты болсын дейміз.  

 

Назира Рахманқызы – Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі.  Бүгінге дейін кино өнері туралы бірқатар кітаптар, 100-ге жуық мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар мен зерттеулердің авторы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер