Батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпір – Ұлы дала елінде көшпенділер өркениетін жаңғыртып, саяхат саласын дамыту керек. Алматыда өткен «Туризм және саяхат» атты халықаралық көрмеде осындай ой айтылды. Биыл Астана ЕХРО-ны тамашалауға сырттан 2 млн-нан аса мейман келеді деп жоспарланып отыр. Оларға Қазақ даласындағы тарихи-мәдени жерлерді көрсету үшін 73 туристік нысан белгіленген.

 

БАҚЫТ ОРАЗЫМБЕТОВА, ТУРИСТІК АҚПАРАТТЫҚ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Қазақстан – көшпенділер өркениетінің тал бесігі. Біз туризмді дамытып, кең байтақ жеріміз бен тамыры тереңде жатқан тарихымызды насихаттағымыз келсе алдымен Көшпенділер өркениетін дәріптеуіміз керек. Өйткені мұндай мұра әлемнің еш мемлекетінде жоқ. 

 

Елімізге келетін шетелдіктердің саны жыл санап артып келеді. Демек қызығушылық бар. Мысалы, табиғаты сан алуан Жетісуда жеке инвестиция есебінен 43 демалыс аймағы іске қосылған. Ал былтыр Алакөлге 500 мың адам барып, демалыпты.

 

АРҚАУ ШАНТАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Алакөл бізде дамып келе жатқан. Көлсай, ұлттық парктеріміз бар. ЕХРО-ға арнап маршруттар айқындалған. Күніне 2 мың адам қабылдауға шамасы жетеді.

 

Биыл Алматы облысындағы 30 тарихи-мәдени нысанға ақпараттық-инновациялық QR-кодтары орнатылады. Сол арқылы Жетісуға саяхаттап келетін шетелдік меймандар өлкенің табиғатын, нысанның тарихын және тағы да басқа маңызды мәліметтерді біле алады. Бұл жоба Алматы мен Алакөл арасындағы туристік нысандарды қамтымақ. Елімізде саяхатшылар көп баратын нысандар – Таңбалы, Шарын шатқалдары, Алатау мен Алтынемел табиғи ұлттық паркі, Бурабай мен Баянауыл. Түркістан мен Алтай. Жалпы елімізде 700 тарихи-мәдени орын бар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер