Сингапур іскерлері Қазақстанда өз кәсіпорындарын ашуға мүдделі. Олар осылайша, Орталық Азия елдерінің ғана емес, 180 миллион халқы бар Еуразиялық экономикалық одақтың нарығына шығуды көздеп отыр. Сингапурмен бизнес ынтымақтастық Қазақстан үшін де тиімді. Бұл бізге 600 миллион тұтынушысы бар алып нарыққа жол ашады. Қос тараптың іскерлік саладағы мүмкіндіктері Алматыда өткен бизнес форумда талқыланды. Шара барысында 2030 жылға дейін Азия-Тынық мұхиты сауда-инвестициялық аймағы ұйымына кіретін елдер Орталық Азия республикаларына 500 миллиард доллар көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отырғаны айтылды.

 

БЕННИ ЫН, КӘСІПКЕР /СИНГАПУР/:

 - В Казахстане очень много природных ресурсов. Қазақстан – қазба байлықтарға бай мемлекет. Және де ел халқының білім деңгейі жоғары. Менің мақсатым сіздің елде бірлескен бизнес жүргізу үшін іскерлік әріптестер табу. Қазақстанда бұл үшін қолайлы жағдай жасалған.

 

ОЛЖАС ЖИЕНҚҰЛОВ, KAPTIC ПРЕЗИДЕНТІ:

 - «Егер де инвесторлар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдерімен келісөздер жүргізгісі келсе, бізбен хабарласуларына болады.  Біз оларға осы жерде бизнес жүйесін құруға көмектесеміз».

 

Сингапур елі биыл жазда Қазақстан астанасында өтетін ЕХРО халықаралық көрмесіне де белсене атсалыспақ. Бүгінде бұл мемлекет «жасыл» энергетика секторын қарқынды түрде дамытуда. Осы мақсатта бюджеттен ірі көлемле қаржы бөлініп, бүгінгі таңда елдің жаңартылатын энергия көздері саласы 18 мың жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан «Болашақ энергиясы» тақырыбында ұсынар жаңалықтары мен жобалары аз емес.

 

ЛАМ ПИН МИН, СИНГАПУРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК МИНИСТРІ:

 - «Қазақстан мен Сингапур халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында экономиканы қарқынды дамытып келеді. Біздің елдер осы тұрғыда тығыз ынтымақтастық орнатып жатыр. Астанада өтетін ЕХРО көрмесіне қатысып, өзіміздің жаңа технологияларымызды жұртқа паш етпекшіміз. Халықаралық шара жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз».

 

«Қазақстанның Астана ЕХРО көрмесін өткізуі жаңа технологиялар ағымына, ғылыми негіздің нығайтуы мен елдің халықаралық аренадағы оң имиджінің қалыптасуына мүмкіндік береді» дейді Сингапур тарабы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер