Қазақстан мен Грекия медицина және қорғаныс салаларындағы әріптестігін нығайта түспек. Грек мемлекеті жергілікті мамандармен кәсіби тәжірибе алмасып, елімізде оңалту орталығын ашуға дайын. Сондай-ақ, тараптар әскери оптикалық құралдар шығаратын бірлескен зауыт салуды жоспарлап қойыпты.  Бұл туралы Қазақстанның Грекиядағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Волков мәлімдеді. Сондай-ақ, қос тараптың жасыл экономика саясатын қолдайтыны мәлім.  Жыл он екі ай жаз болатын Грекияда күн батареясынан қуат алу жақсы дамыған. Олар осы саладағы жетістіктерін ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінде паш етуге ниет танытып отыр. Бұдан бөлек, өзара инвестиция тартып, көлік логистикалық, транзиттік әлеуеті жетілдіруге бағытталған келіссөздер жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Қазақстан –  гректердің Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда әріптесі. Былтыр екі арадағы тауар айналымы 900 млн доллар шамасын құраған.  

 

АЛЕКСЕЙ ВОЛКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГРЕКИЯДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Қазақстан негізінен мұнай шикізаты өнімдерін экспорттайды. Бұл – Грекия елімізден тасымалдайтын жалпы импорт  көлемінің 90 пайызы. Бүгінде өзгеде тауар түрлері бойынша  алыс-берісті еселей түсудің жолдары қарастырылып жатыр. Жақында екі ел арасында құрылыс, медицина, косметика саласында байланысты жандандыратын бірқатар меморандум жасастық. Келер жылы тараптар салық жүйесіне қатысты жеңілдіктерді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл мәселе шешімін тапса, бизнестегі қарым-қатынасымыз жақсара түседі деп үміттенеміз.

 

Сонымен қатар, гректер туризм саласындағы мол тәжірибесімен бөліспек. Мәдени байланыс орнату да жоспарда бар. 2017-2018 жылдарға арналған іс-шараларға еліміздің атақты пианист, халық артисі Жәния Әубәкірованың Афинадағы жеке концертін, Грекияда қазақ кино туындыларын көрсету, көркемөнер көрмелерін өткізу енгізілген.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер