Қазақ елі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің құрамына кірген 100 күннің ішінде бейбітшілікке бастар жұмысын жалғастырып келеді. Еліміздің халықаралық ұйымдағы жұмысының алғашқы қорытындысын шығаратын болсақ, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ауқымды бастамаларын айрықша атап көрсету қажет. Дүние жүзі елдеріндегі шиеленіскен жағдайды тұрақтандыру жолындағы бастамалары қолдауға ие.

 

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Жүз күннің қорытындысы бойынша Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде біраз шаруа атқарды деп айтуға болады. Еліміз түрлі тақырыптағы 100- ден астам отырысқа қатысты. Талқыланған тақырыптар сан алуан. Таяу шығыс, Еуропа, терроризм секілді өзекті мәселелерде Қазақстан өз ойын білдіріп, ұсыныстарын айтты.

 

Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінде террористік топтармен күресетін 3 комитетке жетекшілік етті. 2014 жылдан бері еліміз бейбіт мақсаттағы Кот-д'Ивуар Республикасындағы операцияға әскери бақылаушыларын жіберіп келеді. Сириядағы сойқанды талқылауға арналған Біріккен Ұлттар ұйымында өткен жиында Қытай, Италия, Боливия елінің өкілдері Астана процесінің нәтижелігін атап өтті

 

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібінде тұрған өзекті тақырып – Сириядағы шиелініс. Астана келіссөздер өткен оңтайлы алаңға айналды. Бұл жай ғана талқылау, пікір алмасу емес. Астанадағы келіссөз оқ атуды тоқтатуда өз нәтижесін берді.

 

Қазақстан Орта Азия мемлекеттерінің мүдделерін қорғау мәселесін де алға қойып отыр. Еліміз аймаққа Ауғанстандағы ахуалдың әсері туралы ұмытпауға шақырады. Орта Азия мемлекеттері аталған елге көмек көрсетіп, өңірде бейбітшілік пен қауіпсіздіктің бұзылмағанын қалайды.  

 

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Еліміз осы күнге дейін әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізуге көздейтін өзінің сарабдал сыртқы саясатымен танылып үлгерді. Сол себепті Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Қазақстанға үлкен құрметпен қарайды.

 

Қауіпсіздік кеңесі құрамындағы жүз күн жеміссіз емес. Алда асар асу көп әлі. Жаһан жұртының тыныштығын күйіттеген кеңестің құрамындағы қызмет Қазақстанның бейбітсүйгіштік бағытта бағындырған белестерінің бірі болмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер