ЕХРО халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары нағыз қызған шағына жетті. «Болашақ энергиясы» тақырыбын арқау еткен ауқымды шара барысында Қазақстан да осы бағыттағы жетістіктерін таныстырмақ. ЕХРО қалашығының құрылысы мен безендірілуінде айрықша шешімдер қолданылып отыр. Мысалы, «Нұрлы әлем» ұлттық павильоны  түнде сан құбылып, алуан түске енеді. Халықаралық көрменің бас ғимаратында жасыл, қызыл, көк шамдармен жарықтандыру арқылы «EXPO 2017» жазуы бейнеленеді. Ал көрме ресми ашылғаннан кейін қонақтар графикалық кескіндер мен ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді тамашалай алады. Әзірге жоба сынақ ретінде жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, диаметрі 80, биіктігі 96 метр болатын Ұлттық павильон 8 қабаттан тұрады.

 

ҚАНАТ АХМЕТОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» БАСҚАРМА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- 126 мың светодиодты шам бар. Бірінші майға қарай шардың барлық жарығын қосамыз. Тағы 16 прожектор болады. Ол прожектор жоғары қарай түскенде алыстан 10 км көрінетін болады. Светтің биіктігі 800 метрге дейін көтеріліп тұрады.

 

ЕХРО қалашығындағы нысандардың жарықтандырылуына ерекше мән берілген. Ол үшін Қазақстанда алғаш рет 80 мегаваттық трансформатор құрастырылды. Орталық Азияда баламасы жоқ отандық өнім ЕХРО-2017 көрмесі кешенін жарықтандырады. Кентаудағы кәсіпорында шығарылған трансформатордың күші 10 ауданды электр қуатымен қамтуға мүмкіндік беретін көрінеді.  

 

МАҚСАТ ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ШЕБЕР:

- Үлкен кернеу, үлкен трансформатор болғаннан кейін мұны тез жинау тез істеу қиындау. Осы күнге дейін, қуаты 80 мыңдық 4 трансформатор шығардық. Олар Астанаға басқа қалаларға кетті ЕХРО-ға.

 

Бұл өнімге Қазақстан ғана емес, шетелден тапсырыс көп. Кейбір мемлекеттер 3 жылға келісім-шартты бекітіп қойған. Бүгінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Ауғанстанға экспортталады.

 

ХАЙРУЛЛА ХОЖАБАЕВ, ЗАУЫТТЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Жаңа трансформатор құрастыру ойда бар. Бұл – 220 кВт трансформатор. Соны жасаймыз деп әрекет жасап жатырмыз. Одан бөлек, мысалы, теміржолға арналған трансформатор жасамақпыз. Санмен айтсақ, 2015 жылы жаңа трансформатордың 26 түрін жасадық. 2016 жылы 38 түрін жасадық. Ал биыл 30-ға жақын жаңа түрін жасауға жоспар қойып отырмыз.

 

Отандық кәсіпорынның өткен жылғы табысы 18 миллиард теңгені құраған. Биыл оны 24 миллиард теңгеге жеткізу жоспарда. Оған ЕХРО-2017 көрмесінің ықпалы зор. Кентау зауытында шығарылған трансформатордың көрме кешенінің жарықтандыруы оның іс жүзіндегі тиімділігін көрсетіп, өзгелерге таныстыруға мүмкіндік беріп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер