«Кітап тағдыры – қоғам тағдыры»! Ұлтымыздың рухани даму жолын жаңа арнаға бұрған «Алаш» қозғалысы туралы еңбектер қатары толықты.  Елордада  жазушы  Тұрсын Жұртбайдың бірнеше тұшымды туындысының орыс тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Оқырманға жол тартқан «Акинак» әдеби-тарихи кітабында шежірелі қазақ жылнамасының жаңа дереккөздері қамтылған.  Онда елдігіміздің күре тамырында тұрған 77 тарихи тұлғаның есімі кездеседі.

ҒАРИФОЛЛА ЕСІМ, ҒАЛЫМ, ПРОФЕССОР:

- Қазақ қазақ болу үшін өзінің тарихтан орнын табу керек. Тамыры қайда, қайдан шықты, тілі қайда, діні, тағдыры қайда. Тұрсын өзі әдебиетші бола тұра, қазақ тарихының тереңіне кетіп қалды. Түрік дәуіріне кетіп қалды. Соны «Акинак» деп шығарып отыр.

«Боль моя, гордость моя – Алаш!» трилогиясы болса, халқымыздың азаттық күресінде қаз тұрған арыстардың ерен ерліктерін баян етеді. Ғылыми-тарихи және әдеби-публицистикалық туынды ұлттық қозғалыс қайраткерлерінің тергеу хаттамалары негізінде жазылған. Енді орыс тілінде жарық көрген бұл еңбектер «Алаш» зиялыларының мұрасын бір арнаға жиған Тұрсын Жұртбайдың 30 жылдық мехнатты зерттеу жұмыстарының жемісі.

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ, ЖАЗУШЫ, ПРОФЕССОР:

- Мол оқырманды тілге аударылғандығы және оның биылғы алаш қозғалысының жүз жылдығына орай шығып отырғаны мен үшін үлкен жұбаныш. «Ұраным Алаштан» кейін ондай көлемді туынды шығады деп айта алмаймын. Бірақ алаштың істерін осында қамтылмаған деректер арқылы тағы бір жинақ шығарғым келеді.

Сондай-ақ, жиын барысында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында дайындалған «Движение Алаш» 3 томдық жинағының тұсауы кесілді. Ондада халқының болашағын өмірінен жоғары қойған ұлт көсемдерінің  игі істері тізіліп, ұзақ жылдар бойы көпшілік көзінен  мұрағаттарда құлыпталған аса құпия құжаттар берілген.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер