Әзірбайжан астанасы Бакуде Қызылорда облысының мәдениет күндері өтті. Ауқымды шара Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көп ұзамай әзірбайжандық әртістер де қазақ жерінде өз өнерін паш етеді деп жоспарланып отыр.

НАУРЫЗБАЙ БАЙҚАДАМОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

- Мәдениет министрі және өзге де өнер саласында жүрген әріптестерімізбен кездесу кезінде мұндай ұсыныс жасалды. Көп ұзамай жүзеге асады деп ойлаймын.

Ұлттық нақышта шырқалған ән-жырлар өнерсүйер қауымның жүрегіне жетіп, талайдың таңдайын қақтырды. Ал Әзірбайжан тіліндегі әндерді әуелете шебер орындағанда жергілікті көрермен сыр бойылық жезтаңдайлардың өнеріне тәнті болды.

ИЛЬГАРА ТОСОВА, ТЕАТР АРТИСІ:

- Барлығы көңілімнен шықты. Әсіресе оркестірдің орындауындағы классикалық әндер ойымда әлі ойнап тұр. Әзірбайжан әндерін орындағанына риза болдым. Өзім де артист болғандықтан, Қазақстандағы театрдың жай-күйін жақсы білемін, өте дамыған.

ЗЕМФИРА АЛЕКБЕРОВА, ОПЕРА ӘНШІСІ:

- Шынымды айтсам, өнерлерін тамашалып айызым қанды. Қазақстанда бірнеше рет болғанмын. Оркестірдің шығармашылығынан да хабарым бар. Қазақ әндерін жаным сүйеді. Осы оркестрмен бірге ән де шырқағанмын. Артистердің өнерінде мін жоқ.

Екі елдің тарихы тамырлас, тілі мен мәдениеті үндес. Әзірбайжандықтар қазақтың ұлттық өнерін бірден-ақ түсініп, жылы қабылдады. Қызылорда филармониясының өкілдері өнерін жұртшылыққа паш етіп, «Гүлдерайым» әнін шырқап, «Әдеміайды» мың бұрала биледі.

АБУЛЬФАС КАРАЕВ, ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРІ:

- Бүгін ерекше күн. Өйткені Әзірбайжанда Қызылорда облысының күндері өтіп жатыр. Қазақстанның бір ғана өңірі болса да өздерін үлкен құрметке сай таныстыра білді. Ән де, әнші де, жалпы өнер ұжымы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Мәдениет күндері Бакумен ғана шектелмейді. Театрландырылған қойылымдар Шекин ауданындағы көрерменге жол тартады. Ол жақта да ерекше құрметке ие болады деп ойлаймын.

Әзірбайжандағы Қызылорда облысының мәдениет күндері Қазақстан елшілігі мен ТҮРКСОЙ ұйымы және Әзірбайжан Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер