Сән әлемі асыға күткен айтулы оқиға. Елордада «Kazakhstan Fashion Week Astana» сән апталығы ұйымдастырылды. 3 күн ішінде келушілер Қазақстан, Ресей, Грузия, Италия және Франция сынды елдердің 14 дизайнері ұсынған топтамаларды тамашалап, сән әлемінің сиқырын сезінді. Түс пен талғам үйлескен көрсетілімде әлемдік байерлер, фотографтар мен сәнге арналған түрлі  басылымдардың  өкілдері бас қосты. Аңғарғанымыз, 2017 жылдың күзі мен қысындағы басты сәндік бағыт  еркіндік болмақ. Ұсынылған топтамалар осы тақырыпта. 

ИРИНА БАЙЖАНОВА, «KAZAKHSTAN FASHION WEEK» ЖОБАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстанда сән әлемі бар екенін көрсеткіміз келеді.  Еліміздегі сән апталығының арқасында «Made in Kazakhstan» әлемге танымал болды.  Біздің дизайнерлеріміз тәжірибелерін шыңдау үшін жобаға шетелдіктерді шақырдық. Қазіргі таңда дизайнерлерде, негізінен,  киімді тігіп бірден сату әдісі кең тараған. Ал біз нағыз өндірісті оң жолға қоюды мақсат етіп отырмыз.

Шара аясында сән индустриясының танымал мамандары дизайнерлерге шеберлік сағаттарын өткізіп, саланың өзекті тұстары бойынша кеңес беруге тырысты. Сарапшылар сән апталықтарына қатысып, белгілі байерлердің назарын аудартудың құпиясымен де бөлісті. Олар Астана мен Алматы қалаларында өтетін «Kazakhstan Fashion Week» еліміздің сән орталығына айналу мүмкіндігінің бар екендігін аңғартады деп отыр. Отандық дизайнерлердің өнімдеріне әлемдік компаниялар тарапынан қызығушылық артуда.

ФЕДЕРИКО ПОЛЕТТИ, «WHITE MILANO» КӨРМЕСІНІҢ ӨКІЛІ /ИТАЛИЯ/:

Мен ірі түрлі брендтер топтастырылған көрменің атынан қатысуға келіп отырмын. Біз жас дарынды дизайнерлердің скаутингімен айналысамыз. Яғни жұртшылықты  олардың топтамаларымен таныстырамыз, қолдау көрсетеміз.  Былтыр 5 қазақстандық дизайнер қатысқан «Talents from Kazakhstan» (ТАлентс фром Казакстан) жобасын жүзеге асырдық.

«Kazakhstan Fashion Week» жобасы  17 жылдан бері ұйымдастырылуда. Шара отандық дарындарды әлемдік сән әлеміне танытуды көздейді.  Жыл сайын сән апталығына үш мыңға жуық адам қатысады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер