Түркияның Ыстамбұл қаласында «Қазақстан күні» инвестициялық іс-шарасы өтті. Басқосуға шаһардың өндірістік палатасының топ-менеджерлері мен 50-ден астам түркиялық компанияның өкілі қатысты. Іскер топқа Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы кеңінен таныстырылды. Ал еліміздің шетел кәсіпкерлеріне жасаған жеңілдіктері мен ынталандыру шаралары жайлы Қазақстанда ұзақ жылдан бері табысты қызмет етіп отырған «Йылдырым Холдинг», «Абди Ибрахим», «Тюмлас» сынды өнеркәсіп орындарының басшылары баяндап берді.

ҚАЙРАТ ҚАРМАНОВ, ҚР ИДМ ИНВЕСТИЦИЯЛАР КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Көптеген компания өз өнімдерін Қазақстан нарығына тасымалдауға көшті. Енді олар сонда өндіріс орындарын ашып, шығындарын азайтуды ойластырып жатыр. Біз іскер топ өкілдеріне Қазақстанда кәсіп ашудың артықшылықтарын айтып бердік. Жиында еліміздің салық жүйесі, Еуразиялық экономикалық одақ, бірыңғай нарық жайлы көп сұрақ қойылды. Тіпті «бір вагонды Ресейге және өзге бағыттарға жеткізу құны қанша болады?» деген сауалдар да болды. Түрік кәсіпкерлерін қызықтырған барлық сұраққа мүмкіндігінше жауап беріп, маңызды ақпараттарымызбен бөлістік.

ДЖЕНГИЗ ЗАЙЫМ, ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ /ТҮРКИЯ/:

Біздің компания Түркиядан соң, Алжир мен Қазақстан экономикасына қомақты инвестиция салды. Бұл екі мемлекетте де дәрі-дәрмек шығаратын зауытымыз бар. Қазақстандағы өндірісімізге 60 млн АҚШ долларын бөліп, 2012 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Енді өндіріс кешенін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Өйткені Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың белді мүшесі әрі халқының демографиялық өсімі де жоғары. Егер ісіміз алға басса, 2020 жылға қарай фармацевтикалық компаниялардың үздік ондығына енуді көздеп отырмыз.

Қазақстандағы инвестициялық ахуал британ іскерлеріне де таныстырылды.  Лондон қор биржасында «Самұрық-Қазына» қоры Инвестор күнін өткізді. Жекешелендіру бағдарламасы бойынша мемлекеттің экономикадағы үлесін 15%-ға дейін азайту туралы айтылғаны белгілі. Жеке секторға қор холдингтерінің кәсіпорындарын беру жоспарланған. Шара Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен өтті. Сондай-ақ, ықтимал инвесторлармен жеке кездесулер де ұйымдастырылды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер