Ұлы өнерде шектеу де, шекарада жоқ. Астаналықтар мен қала қонақтары түрлі мәдениеттің бейнелеу өнері бір алаңда тоғысқан  жұмыстардың тылсым сырларына бойлай алды. Ұлттық мұражайда еуразиялық суретшілердің таңдамалы туындылары қамтылған «Лиссабоннан Минск, Мәскеу, Астана арқылы Владивостокқа дейін» атты көрме ұйымдастырылды. Онда барлығы 28 елдің 30 қылқалам шеберінің еңбектерін тамашалауға болады. Беларусь Республикасынан бастау алып, Мәскеуде тұрақтаған көшпелі көрме енді Қазақстанның  елордасында қанат жайды.

АНАТОЛИЙ НИЧКАСОВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ  БЕЛАРУСЬ ЕЛШІСІ:

Еуропаның қақ ортасында орналасқан Минск пен Азияның жүрегіндегі Астана қос құрлық пен Ұлы Жібек жолы бойындағы  елдер мен халықтар арасындағы көпір іспетті. Бірлесіп кедендік, кейін Еуразиялық экономикалық одақ құрдық. Бұл орайда бірыңғай мәдени кеңістік жағын ұмытпауымыз керек. Өнердің біріктіруші күшін көрсету мақсатында осы жобаны қолға алып отырмыз. 

Авторлардың жас ерекшеліктеріде шектеу жоқ. Өнер майталмандармен қатар, жас суретшілердің қолынан туған 80-ге тарта кескіндемелік туынды ұсынылды. Еңбектердің тақырыптық аясы кең, орындау мәнері мен қолданылған техникалары да әрқилы. Дей тұра әр шеберді біріктіретіні – өз еліне деген сүйіспеншілік.

ЕРЛАН НАЗАРҚҰЛ, СУРЕТШІ /ҚАЗАҚСТАН/:

Көрермендер әр мемлекеттің суретшілерінің өнерін көріп, сол мемлекеттің мәдениетін, сол мемлекеттің өнерін көріп тани бастайды. Адам мен түйе деген жұмысым мысалы, құрақ көрпеден алынған идея, ой. Сондықтанда мен өзіміздің ата-бабаларымыздың  қол өнерінен алып отырмын.

Халықаралық жоба аясында бұл еңбектер жыл соңына дейін барлық қатысушы елдердің бас шаһарларын аралайтын болады. Көшпелі көрменің ең ұзақ аялдамасы Қазақстанда болады, дейді ұйымдастырушылар. Ұлттық мұражай қабырғасынан орын тепкен жұмыстар артынша ЕХРО көрмесінде жұртшылық назарына ұсынылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер