Назарбаев Университетінің ұжымы Бакуде өткен халықаралық білім көрмесіне қатысты. Әлемнің 35 жоғарғы оқу орны қатысатын дәстүрлі білім көрмесі жыл сайын шетелдік талапкерлерді қызықтырып келеді. Еліміздегі алдыңғы қатарлы білім ордасы көрмеге келушілерге оқу бағдарламасын ғылыми-зерттеу жұмыстары мен өзінің жоғарғы мектептерінде білім берудегі артықшылықтарын таныстырды.

 

НАРМИН ИМАМАЛИЕВА, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

 - Назарбаев Университетінде оқығым келеді. Мен бар ақпаратты алдым. Өз басым Астанада болып көрген соң, баспана жағынан қиналамын деп ойламаймын. Есесіне мен неміс, орыс және қазақ тілдерінде еркін сөйлеймін. Таяуда ғана Бакуде оқуды орыс тілінде тәмамдадым. Бүгінде Назарбаев Университетінің дипломын алғым келеді. Бірақ аталмыш жоғары оқу орнында білімді  ағылшын тілінде береді екен.

 

Университеттегі сабақтар тек ағылшын тілінде өткізілетіндіктен, шет тіліне деген талап жоғары. IELTS (Айелтс) пен TOEFL (Тойфл) даярлықтарынан өтіп, тиісті сертификатты ұсыну қажет. Ал оқуға жаңадан түскен талапкерлер үшін ағылшын тілін жетік меңгеріп алуға мүмкіндік жасалған. Үлгерімі жоғары студенттерге арнайы стипендиялар тағайындалып, кампус ішінен уақытша баспана ұсынылады. Білім сапасының оқу ақысына сай болуы –  ата-аналарды бірінші кезекте қызықтыратын мәселе.

 

ЕГЯНА ГУСЕЙНОВА, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

 - Бірінші кезекте - оқу орнының беделі мен оқу ақысы маңызды. Өйткені жоғары білім алу үшін ата-ананың қалтасы көтеруі керек. Сондықтан түсетін оқу орынды алдын ала жоспарлаған жөн. Ағылшын тілінде білім алғымыз келеді. Бірақ көрші елдердегі университеттер арасынан таңдайтын шығармыз.

 

Бүгінгі жастардың білімге деген талабы өзгерді. Олар бірінші кезекте білім берудің жаңа тәсілдері, заманауи әдебиет кітапханасының болуы, технология саласындағы біліктіліктерін арттыруыға баса мән береді.

 

ИСМАИЛ ДЖАФАРОВ, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

 - Меніңше, университеттің орналасқан елі, сол елдегі білім мен экономика деңгейі - басты факторлар. Жоғары оқу орнындағы білім іс жүзінде де жоғары болғанын әр ата-ана қалайды. Қайткен күнде де білім алу үшін барамыз ғой.

 

Бүгінде Назарбаев Университетінде 3700-ге жуық студент білім алады. Оның ішінде шетелдік азаматтар да біршама. Жоғарғы оқу орны бағдарламасына халықаралық деңгейде оқытудан бөлек, студенттердің бойында ізденіс қабілетін қалыптастыру маңызды. Университет мақсаты – шет елдерден келетін студенттер қатарын арттырып, өзге де жоғарғы оқу орындарының ғылыми-зерттеу орталықтарымен халықаралық байланыс орнату.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер