Орталық Азия аймағындағы елдер арасында даму қарқыны бойынша Қазақстан көш алдында. «Vesalius» Брюссель колледжінің доценті, сарапшы Мунира Аминова осындай ойымен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстанның табыстарын мұнай және газ сынды табиғи ресурстардың болуы ғана емес, бизнесті жүргізуге жасалған қолайлы жағдаймен де түсіндіруге болады. Елде тұрақты саяси жағдай  орнаған. Осының арқасында Қазақстанға ірі сауда серіктестер мен инвесторлар келіп отыр.  

 

МУНИРА АМИНОВА, ЭКОНОМИСТ /БЕЛЬГИЯ/:

 - Қазіргі таңда адам басына шаққанда ІЖӨ  көршілес елдермен салыстырғанда Қазақстанда 10 есеге артық. Қазақстан Қытай сынды ірі инвесторлармен байланыс орнатқан. Сондай-ақ, энергетикалық қауіпсіздік бойынша  Еуропалық одақпен әріптестік орнатуға мүмкіндік бар. Қазақстан энергия ресурстарын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Ел жасыл жаңғыртылған энергия көздеріне көшуге кірісті.  

 

Сарапшы Қазақстанның БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуының маңыздылығына да тоқталды. Мунира Аминова еліміздің өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға сүбелі үлес қосарына сенімді. Қазақ елінің ядролық қарусыздандыру бойынша жаһандық бастамасы бұл тұста аса маңызды,- дейді экономист.

 

МУНИРА АМИНОВА, ЭКОНОМИСТ /БЕЛЬГИЯ/:

 - Кеңес Одағы ыдырыған кезде Қазақстан ірі ядролық әлеуетке ие болды. Дегенмен одан бас тартты. Бұл қадам өзге елдер үшін үлгі бола алады деп ойлаймын. Қазақстан БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде де осы бағытта жұмыс істейді деген сенімдемін.

Қазақстанның халықаралық аренада бітімгер ретінде танылуына Сириядағы ахуалды реттеу бойынша Астана келіссөздерінің өткізілуі де сеп болды.  Географиялық орналасуы мен халықаралық беделі елді келіссөз алаңына айналдырды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер