«Щучье-Бурабай курортты аймағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық геопарктер тізіміне енуі мүмкін. Бұл әлем халқын Бурабайдың көркем табиғатына назар аудартып қана қоймай, киелі өлке жайлы шетелдіктердің көп мағлұмат алуына жағдай жасайды»,-дейді мамандар. Мәселен, қазір ғаламтордан Бурабай жайлы ақпарат табу қиынға соғады екен. Ал курортты аймақ ЮНЕСКО-ның геопарктер тізіміне енсе, халықаралық ұйым аңыз өлке жайлы мәліметтерді жинақтап, оның қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. Одан бөлек, бұл, мұндағы туризмді де дамытуға сеп болады. Бурабайға келген ЮНЕСКО-ның өкілдері, ғаламдық гео-парктер тізіміне қалай енуге болатынын түсіндірді. Ол үшін Қазақстан тарапы биыл қазан айында ұйымның Франциядағы бас штаб-пәтеріне өтініш хат жолдауы қажет. Ол өтініштің өзі 3 айдай қаралады. Айта кетейік, қазір аталған ұйымның қарамағында 119 геопарк бар. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан.

 

ПАТРИК МАККИВЕР, ЮНЕСКО-НЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГЕОПАРКТЕР БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен Бурабайға бүгін келе сала, сіздердің өте қонақжай екендеріңізге көзім жетіп, соған тәнті болдым. Бұл, әлбетте туризмді дамытудың бірден-бір маңызды тетігі. Мұндай қошемет пен құрметті көрген турист, келесі жолы осы өлкеге тағы келері анық. Менің мұнда келгендегі мақсат-міндетім – бүгінгі талқыланған мәселелерді басшылыққа жеткізу. Әрі осы жақтағы мамандарға кеңес беру.

 

ШЫНАРБЕК БАТЫРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - ТМД кеңістігінде, Қазақстанда бірінші рет мынау Орталық Азия елдерін қарайтын болсақ, біздің Қазақстанға ЮНЕСКО көңіл бөліп отыр. Глобальный геопарк ЮНЕСКО деген ол – үлкен статус. Біздің табиғатымыз үлкен халықаралық деңгейде қорғау мәселесіне кіріп жатыр.

 

Бурабай — Көкше өлкесіндегi ғажайып мекен. Аймақта ірілі-ұсақты 80 көл орналасқан. Оны даланың «інжу-маржаны», «Қазақстанның Швецариясы» деп бекер атамайды. Көлдерді айнала көктерек, аққайың тоғайлары алма-кезек керіліп жатады. Түрлі аңыздарға арқау болған тау-жартастары қиялға қанат бітіреді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер